СЕКСЕУІЛДЕГІ ЕҢБЕК ПЕН ЕГІНШІЛІК: ТҰРҒЫННЫҢ КӘСІБІ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ
Ауылдық жерлерде еңбекпен ел игілігіне қызмет ету - бүгінгі күннің басты үрдістерінің бірі. Сексеуіл кентінде тұратын кәсіпкер де өз ісін ауыл шаруашылығы саласында жүйелі түрде дамытып, өңір экономикасына үлес қосып келеді.2021 жылдан бастап Сексеуіл кентінде егін шаруашылығы және шағын көлемді маусымдық жылыжай кешенінде көкөніс өсірумен айналысып келеді. Кәсіпкер қияр мен қызанақ сияқты дақылдарды өсіріп, жергілікті нарықты табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар, ол Сексеуіл кентіндегі «Құмсай» бөгетінің маңынан 6 гектар жерге қарбыз, 4 гектар жерге қауын егіп, 150 түп жеміс ағашын отырғызған. Шаруашылықта өндірілген өнімдер кенттегі және аудан орталығындағы сауда орындарына жеткізіліп, нарық бағасынан төмен бағада сатылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы өнімге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктері, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы еңбек адамдарының өз ісін кеңейтуіне және тұрақты табыс көзін қалыптастыруына жол ашқан. Осы қолдаудың нәтижесінде шаруашылық ауқымы кеңейіп, өндіріс көлемі арта түскен.
2022 жылы ол үздік бақша дақылдарын орналастырушы ретінде танылып, облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінде бұл шаруа ауылдағы еңбек мәдениетін қалыптастырып, жергілікті өнім өндіру ісінің дамуына үлес қосып келеді.











