Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың Ұлттық домбыра күніне байланысты мерекелік құттықтауы
құрметті сырбойылықтар!
Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – халқымыздың төл өнеріне, ұлт руханиятына деген ерекше құрмет. Жуырда ғана күшіне енген Ата Заңымыздың преамбуласында байырғы қазақ жерінде Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы сақталатыны атап көрсетілді.
Атаулы күн қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке» деген болатын.
Домбыра – халқымыздың сан ғасырлық тарихын, дүниетанымын, рухани болмысын бойына сіңірген киелі мұра. Оның қоңыр үнінде ата-бабамыздың асыл аманаты сақталған.
Сырдың бойы – жампоз жыраулар мен дәулескер күйшілердің алтын бесігі. Олар ғибратқа толы жыр-термелерді, дастандар мен күйлерді атадан балаға мирас етіп қалдырған.
Бүгінгі ұлттық өнерді дәріптеу жұмыстарының басты мақсаты асыл мұраны келер ұрпаққа табыстауды көздейді.
Өңірдегі 172 мәдениет үйі мен клубтарда 150-ге жуық домбыра және жыр-терме үйірмесі бар. Оларда 1500-ден астам бала дәстүрлі өнердің қыр-сырын меңгереді. Осылайша қасиетті домбыраның қоңыр үні, желісі үзілмей келе жатқан өнер керуені болашақта да жалғаса береді.
Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен тағы да құттықтай отырып, қастерлі құндылығымызды әлемдік брендке айналдыруға үлес қосуға шақырамын. Домбыра әр шаңырақтың төрінде болып, халқымызбен бірге жасай берсін!











