Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады

Аудан әкімі Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді ұлы мұрамызды ұлықтайтын – Ұлттық Домбыра күнімен құттықтаймын!
Қазақ халқымен сан ғасырдан бері егіздің сыңарындай қатар жасасқан асыл жәдігері ол – қасиетті қара домбыра.
Домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас. Қос ішегінен ғасырлар сыры төгілген қасиетті қара домбыраны ұлықтау туралы шешімнің қабылданғанына көп уақыт болмаса да, бұл халық тілегімен үндестік тапты.
Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз.
Ардақты ағайын!
Сырдың бойында жыраулық, күйшілік өнердің сан ғасырдан бері үзілмеген алтын тіні бар. Баға жетпес рухани байлығымыздың бүгінгі мұрагерлері оны келер ұрпақтың игілігіне табыстау үшін ерен еңбек атқаруда.
Ұлттық құндылықтарымыздың ұлық нышаны — Домбыраның дүбірі әрқашан рухымызды көтеріп, елдігімізді еңселі ете берсін!
Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!
Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
аудан әкімі А. Оңғарбаев
07 шілде 2024 ж. 156 0