Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді ұлы мұрамызды ұлықтайтын – Ұлттық Домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас. Ол – құнды қазына, ұлттық рух. Халқымыздың қадір тұтып, төрге ілген киелі аспабының құрметіне Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы мұрамызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күнін белгілеген болатын.

Ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға қасиетті қара домбырамыздың қосар үлесі зор. Себебі, домбыра – қазақтың жаны, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы десек, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Осы тұста 1925 жылы Париж төрінде ән салып, Еуропа халқына мәдениетімізді паш етіп, ұлттық аспабымызды төрткүл дүниеге алғаш танытқан Әміре Қашаубайдың өнерін атап өтпеу мүмкін емес.Сондықтан, домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға.

«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», - дейді Ахмет Жұбанов.

Расында, тарихы сонау Кетбұғы күйшіден бастау алатын күй тек қазаққа ғана тән, ерекше өнер. Ботасы өлген нарды идірген де, талай тентекті тезге салған да осы күй құдіреті!
Киелі Арал топырағында Нұртуған, Нұрмағамбет, Дәріқұл, Жаппарберді жыраулардың, күй өнерін көкке көтерген Қаппар күйші мен Талас Шүкіровтің ізін бүгінде домбыраны жанына серік еткен жерлесіміз, белгілі күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықов, Жұмабай Жақып ағаларымыз жалғап, ғұмырын киелі өнерімізді асқақтатуға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына арнап келеді.

Ардақты ағайын!
Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін! Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!

Құрметпен,
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов

04 шілде 2021 ж. 566 0