Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Домбыра – қазақтың жаны, бол­мысы

Домбыра – қазақтың жаны, бол­мысы

Әлем халық­тарының мәдениет саласын­дағы атаулы мейрамдарына назар аударсақ, музыкалық аспаптарға арнал­ған мерекелік күндер де бар. 2018 жылдың 13 маусымы күні Елбасы жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде «Ұлттық домбыра күні» мерекесі республика көлемінде атап өтілетіні туралы Жарлыққа қол қойған еді. Биыл бұл рухани мереке Ұлы Дала елінде де үшінші рет атап өтілгелі тұр.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мынадай құдіретті сөз бар: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».
 «Ұлттық домбыра күні» мерекесі осынау ұлттық жаңғыру атты киелі бағдарламаның куәсі секілді. «Ұлттық домбыра күні» қазақпен Отаны мен шаңырағы бір өзге этнос өкілдерін де рухани туыстыққа біріктіре алатын маңызды ізгі жол бола алады. Тәуелсіз елдің жаңа тарихында домбыраны жан серігі еткен өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Қазір есімдері көпке танымал өнерпаздар – әнші Татьяна Бурмистрова, күйші Андрей Фендриков. Қазақстанда тұратын осынау ұлттар пен ұлыстардың жанын біріктірген қасиетті домбыраның қоңыр үні екені даусыз.
Елбасы өмірінде киелі домбыраның орны бөлек екені баршамызға аян. Нұрсұлтан Әбішұлының шебер домбырашылығын, домбыраға қосылып қоңырлата ән салатын өнерін елі жақсы біледі.
Осы бір қос ішекті домбыра аспабында халқымыздың ұшы-қиырына же­ту үшін ұшқан құстың қанаты талатын жазиралы кең даламыздың, тау-тасының, айдын шалқар көл­дерінің қаншама тарихы, мұңы, жұмбақ сырлары тұнып жатыр екен десеңізші. Қоңыр үн­ді домбыра бүкіл бір халықтың тір­шілік-тынысын көз алдына жайып салады. Домбыра – тарихтың қи­лы кезеңдерінен, көне замандардан аман-сау бүгінге жеткен киелі аспап. Домбыраны қолына алған әрбір қазақ өзінің өткенімен сырласады, мұңдасады, болмысын таниды, рухтанып, намысын жаниды. Қазақ шаңырағының қақ төрінде ілулі тұрған домбыра, бұл әрі-беріден соң, ұлттық болмыс. Осы бір ұлтымыздың көне ас­пабының шығу тарихы мен ол жай­лы, талай-талай қызықты әпсана, аңыз-әңгімелер жетіп артылады.
Сөйткен, қазақтың қоңыр үнін­дей домбыра кешеден бүгінге же­тіп, бүгіннен болашаққа жол тартып барады. Оған дәлел, қазақта 5 мыңдай күй бар десек, «Қазақтың 1000 күйінің» жа­рық көруі, кешегі өткен күй кемеңгері Тәт­тімбет Ресей патшасын қара дом­быраның құ­діретті үнімен баурап, риза етіп, оның қолынан күміс медаль алып, ұлтымыздың ішекті аспабының атын әйгілеп аспанға бір-ақ шығарса, бүгінде домбыра өзінің құдіретті дауысымен әлемді шарлап, жағымды әуе­німен талай халықтың жүрегін жаулап алды.
Домбыра – қазақтың жаны, бол­мысы, ұлттық ырғағы. Оның жоғалуы, өшуі, ұмытылуы әсте мүмкін емес.         Сонау ежелгі заманнан үзілмей ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұра болып келе жатқан күй әлі күн­ге жалғасын тауып келеді. Әлем­нің бір мем­лекетінде жоқ бұл өнер­мен қазақ қана мақтана алады. Себебі күй өнері қазақ халқына тән өнер. Қорқыты, Кетбұғасы, Асан қай­ғысы, Қазтуғаны, Байжігіті, хан Абылайы, Құрманғазысы, Ди­нас­ы, Дәулеткерейі, Қазанғапы, Тәт­тімбеті, Сүгірі, Нұрғисасы мен Секені бар елдің жоғалмас бай дәстүрі бар, ол бола да бермек.

"Толқын" ақпарат
29 маусым 2021 ж. 1 768 0