Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада пробация есебінде тұрған азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды

Қызылордада пробация есебінде тұрған азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды

Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, құқықтық қолдау көрсету және жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алып, олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік жасау. 
Осы бағыттағы кезекті іс-шара аясында Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған жеті азамат "Еңбек-Қызылорда" РМК-ға тұрақты ақылы жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтар өздеріне көрсетілген қолдау үшін пробация қызметінің мамандарына алғыстарын білдірді. 
– Біз сияқты азаматтар үшін тұрақты жұмыс табу оңай емес. Көптеген жұмыс берушілер сотталғанымды білген соң қабылдаудан бас тартады. Бүгін тұрақты жұмысқа орналасып, өмірімді жаңадан бастауға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Еңбек етіп, отбасымды адал табыспен қамтамасыз еткім келеді. Бізге қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуға көмектескен Қызылорда қалалық пробация қызметінің мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдау адамның өз өмірін өзгертуіне үлкен серпін береді, – дейді жұмысқа орналасқан азаматтардың бірі. 
Пробация қызметінің мамандары мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Өйткені тұрақты жұмыспен қамту – пробация есебіндегі азаматтардың қайта құқық бұзушылық жасау қаупін төмендетіп, олардың қоғамға бейімделуіне және жаңа өмір бастауына ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі.
15 шілде 2026 ж. 51 0