Жаңа заңнама нормаларын түсіндірді
Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданып,1-ші шілдеден бастап күшіне енгені белгілі. Осыған сәйкес, Заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілерге де бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жекелеген Заң түрлері қайта қабылданды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңы» да бар. Заңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап қайта қаралып, жан-жақты күшейтілді.
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында заңнама нормалары жан-жақты түсіндірілді. Жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев өзгерістерді кеңінен түсіндіріп, мамандармен ашық әңгіме өрбітті.
Өз кезегінде қала әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Мұрат Тасқараев әкімдіктің қызметкерлерін Заң талаптарын бұлжытпай орындауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидасын ұстануға, жалпыға ортақ моральдік-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғаммен байланыс жасауда кішіпейілдік танытып, қызметке жауапкершілікпен қарауға шақырды.








