Таза Қазақстан – ұлт мәдениетінің айнасы
«Тазалық – табалдырықтан басталады», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген халқымыздың дана сөздері бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Себебі тазалық – жай ғана мәдениет белгісі емес, ол – елдің келбеті, ұлттың болмысы, келешек ұрпаққа қалдыратын аманаты.Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы – табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеуге үндейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан – бір күндік сенбілік емес, бұл – күнделікті өмір салты болуы тиіс» деген болатын. Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі туған жердің тазалығы – әрбір адамның азаматтық борышы.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға бағытталған жаңа талаптар күшіне енді. Өзгерістердің негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Табиғатты ластауға, белгіленбеген жерге қоқыс тастауға, абаттандыру қағидаларын бұзуға жол берген азаматтар мен заңды тұлғалар заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Демек, тазалық енді тек адамгершілік міндет қана емес, заң талабы болып табылады.
Заңның мақсаты – айыппұл салу ғана емес, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені өркениетті елдің белгісі – көшесінің тазалығы, ауласының көркі, табиғатының сақталуы. Әр адам өз үйінің ауласын, жұмыс орнын, көшесін таза ұстаса, бүкіл елдің келбеті өзгереді.
Халқымыз: «Жерге жанашыр болған – елге жанашыр болады», «Таза жерге – құт қонады», «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Сондықтан балаларға табиғатты қорғауды сөзбен емес, іспен үйрету – ата-ананың да, мектептің де, қоғамның да міндеті. Қолындағы қоқысты арнайы жәшікке тастаған бала ертең табиғатты қорғайтын саналы азамат болып қалыптасады.
Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде ағаш отырғызу, өзен-көлдердің жағалауын тазарту, аулаларды абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Бұл игі іске мемлекеттік мекемелермен қатар еріктілер, жастар, еңбек ұжымдары мен қарапайым тұрғындар белсенді қатысуда. Мұның бәрі қоғамның экологиялық мәдениетінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Тазалық мәселесі – тек коммуналдық қызметтің жұмысы емес. Көшеге қоқыс тастаған адам ертең табиғаттың ластануына, ауаның бұзылуына, экологиялық ахуалдың нашарлауына өзі себепкер болады. Сондықтан әр азамат өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Бір тал кессең, он тал ек», «Бұлақтың көзін ашқанның бағы жанады» деген аталы сөздер табиғатқа деген жанашырлықтың қазақ халқының қанында бар екенін дәлелдейді. Біз ата-бабамыздан қалған осы ұлағатты ұстанымды бүгінгі өмірде жалғастыруымыз қажет.
«Таза Қазақстан» – бұл тек көшені сыпыру немесе сенбілікке қатысу емес. Ол – табиғатты аялау, қоғамдық орындарды таза ұстау, заң талаптарын сақтау, өз еліне құрметпен қарау, келешек ұрпаққа көркем де таза мекен қалдыру.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Ендеше туған жерімізді таза ұстау – баршамыздың ортақ парызымыз әрі заң алдындағы жауапкершілігіміз. Таза ел – бақытты ел, таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі.
А.СЫРЛЫБАЙ










