Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – қоғам айнасы

Тазалық – қоғам айнасы

Тазалық – адам өмірінің ажырамас бөлігі, өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Халқымыз ерте заманнан-ақ тазалыққа ерекше мән берген. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп бекер айтпаған. Айналаның таза болуы – тек әдемілік үшін емес, адам денсаулығы мен болашақ ұрпақтың амандығы үшін қажет маңызды құндылық. Бүгінде экологиялық мәселелер көбейіп, табиғатқа жанашырлық таныту әр азаматтың міндетіне айналып отыр. Сондықтан тазалық сақтау – бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
Кейде көшеде қоқыс шашылып жатады, демалыс орындарында пластик бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтар көбейіп кетеді. Мұндай көрініс адамның мәдениеті мен тәрбиесінің деңгейін аңғартады. Себебі тазалық – адамның ішкі мәдениетінің айнасы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығы табиғатты аялаудың маңызын ұғындырады. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау – келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.
Қазіргі таңда елімізде экологияны жақсарту мен тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы. Бұл бастама халықты табиғатты қорғауға, туған жерді таза ұстауға үндейтін маңызды жобаға айналды. Акция аясында еліміздің барлық өңірлерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, өзен-көл жағалаулары тазартылып келеді. Жастар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындар бірлесе еңбек етіп, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, халықтың санасына тазалық мәдениетін сіңіру. Әсіресе жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауы аса маңызды. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Егер әр адам өз ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстаса, қоғам да көркейе түседі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз де табиғатқа қамқор болудың мәнін терең түсіндіреді.
Тазалық сақтау – денсаулық кепілі. Қоқыс көп жерде түрлі аурулар таралып, қоршаған орта ластанады. Ал таза ортада адамның өмір сүруге деген құлшынысы артып, көңіл күйі де көтеріңкі болады. Сондықтан әр азамат қарапайым тазалық ережелерін сақтауды әдетке айналдыруы керек. Қоқысты арнайы орынға тастау, суды ластамау, ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды таза ұстау – мәдениетті адамның белгісі.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп табиғат байлығын бағалай білген. Қазіргі таңда су көздерінің ластануы, орман-тоғайлардың азаюы әлемдік деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай жағдайлар адамзатқа табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Табиғат – адамға аманат. Оны қорғау арқылы біз болашаққа жарқын жол қалдырамыз.
Тазалық мәселесі отбасынан басталады. Бала кішкентайынан тазалыққа үйренсе, өскенде де айналасына жанашыр болып өседі. Үлкендердің өнегелі ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Егер ата-ана табиғатты қорғап, тазалықты сақтаса, бала да сол тәрбиені бойына сіңіреді. Сондықтан әр отбасы тазалық мәдениетін қалыптастыруға атсалысуы қажет.
Жалпы, тазалық – ел мәдениетінің, қоғам дамуының көрсеткіші. Таза ортада өмір сүру – әр адамның арманы. Сол себепті туған жердің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты қорғауға әркім өз үлесін қосуы керек. «Жер – ырыстың кіндігі» дейді дана халқымыз. Ендеше, туған жерімізді таза ұстап, табиғатты аялап, келешек ұрпаққа көркем де көрікті Қазақстанды аманат ету – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
19 мамыр 2026 ж. 27 0