Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық ұстаздар Астанада

Аралдық ұстаздар Астанада

Астана қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «STEM. AI. Innovation» халықаралық форумы өтті.
Форумға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық жас педагог қатысып, STEM-білім беру, жасанды интеллект және инновациялық педагогикалық тәжірибелер бойынша тәжірибе алмасты.
Іс-шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырды. Бұған дейін «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы ретінде өткізіліп келген жоба биыл халықаралық деңгейге шықты. «STEM. AI. Innovation» атауымен өткен жаңа форматта жас педагогтер заманауи білім беру тәжірибелерімен бөлісіп, технологияларды сабақта тиімді қолдану жолдарын қарастырды.
Коннектке Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жас педагогтерге кәсіби жолда үздіксіз ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылудың маңызын атап өтіп, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин білім берудегі технологиялық өзгерістер жағдайында мұғалімнің рөлі жаңа мазмұнға ие болатынына назар аударды.
Осынау Астана төріндегі берері мол бастамаға аудан ұстаздары қатысып, тәжірибе алмасты. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ұстаздар форумында олар алдағы жаңа оқу жылында еселі еңбектің көрігін қыздыруға мол мүмкіндік алды. Атап айтсақ, сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жүйелі жұмыстарымен көзге түскен ұстаздар белсенділік танытып, білім көкжиегін кеңейтті.
– Бүгінгі коннект – ұстаздық еңбек жолымдағы алғашқы кәсіби іс-шара. Мұнда тәжірибелі әріптестер өзара пікір алмасты. Мазмұнды шараға өзге де шет мемлекеттерден педагог қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бұл басқосу ортақ идеялармен бөлісуге тамаша мүмкіндік болды, –дейді №292 келешек мектебінің мұғалімі Айбану Жүсіпбекова.
Ол бұл коннект біз үшін тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жаңа бастамаларға шабыт берген, болашақ білімінің бағытын бірге талқылаған ерекше орта болды. Осындай халықаралық деңгейдегі мазмұнды шаралар жас педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, STEM мен AI бағытындағы жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашатынын сеніммен айтады.
К.ЗДЕНОВА
15 тамыз 2026 ж. 36 0