Жылдың үздік педагогы
Жыл аралдық ұстаздар үшін жақсы жаңалықпен басталды. "Үздік педагог" байқауының облыстық кезеңіне 9 педагог қатысып, республикалық кезеңде – 6, облыстық кезеңде – 3 пелагог жеңімпаз атанды. Солардың бірі – №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының педагог зерттеушісі, 2024 жылдың үздігі Дина Оразғұлова.
Иә, «адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз тәрбиесі мен өнегесі шәкірттің болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Сондай бір мектеп тұлғасына айналған ұстаз Дина Айнұрқызының еңбегі еленіп, үздіктер қатарынан көрінуі қандай қуаныш. Білім беру бағытында өзіндік ізін қалдырған мұғалімнің бұл жолды таңдағанына 18 жылдан асқан. Мектепті Сексеуіл кентіндегі №87 мектепті бітіріп, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, "Тарих, құқық және экономика негіздері" мамандығын игерген. Алғаш еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбе, Қандыағаш қаласындағы № 4 қазақ орта мектебінде бастаған. 2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Арал қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында тарих пәні мұғалімі қызметінде жұмыс жасайды.
Ұлы жолда ұстаздықты кие тұтқан Дина Айнұрқызының жеткен жетістіктері де мол жүлдеге ие. Ол 2019-2024 жж. Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрлігі А.Аймағанбетовтың Алғыс хаты, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты, Қызылорда облысының білім басқармасы - Құрмет грамотасы сынды үздік мәртебелерге ие.
Мұнан бөлек Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің ұйымдастырумен өткен “Үздік авторлық бағдарлама” республикалық конкурсының І орын, Қызықорда облыстық кәсіподақ комитеті мен Қызылорда облысының білім басқармасының "Жыл үздігі" номинациясы, OZYQ педагогикалық озат тәжірибелер конкурсында «Үздік сабақ авторы» номинациясына, Ақтау қаласында “Мектептегі тарих пәні: білім берудегі жаңаша тренд, рухани құндылық, тарихи сана” тақырыбында республикалық тәжірибелік конференциясында, Астана қаласында “Жоспарлау, Іздену, Талдау” республикалық педагогикалық идеялар шеберханасында іс-тәжірибесімен, ШҚО Білім басқармасының “ORKEN” Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы “Тарихы терең Жошы Ұлысына 800 жыл” өңіраралық диалогтік алаңда өз тәжірибесімен бөлісіп, “Назарбаев зияткерлік мектептер”ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы, “Қоғамдық–гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқытудағы тенденциялар” тақырыбында облыстық семнинарда шеберлік сыныбын өткізіп, тәжірибе таратты.
Шәкірттің айнасына айналған ұстаздың оқушылары жеткен жетістіктері аз емес. Түрлі жоба мен додада озық шығып жүрген оның шәкірттері жетерлік. Мәселен, Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Қазақстан тарихы пәні бойынша 11 сынып оқушысы Әлжан Сәмет І дәрежелі диплом иеленсе, Кәусар Кенжебекқызы және Ақсезім Ықыласова ІІІ дәрежелі диплом жеңіп алды. Құқық негіздері пәнінен ІІ орын иеленген Әділжан Ақбалаев олжалы қайтты.
Мұнан бөлек те жетістіктер жетерлік. Осы саладағы қол жеткізген нәтижелер қорытындысын жыл сайын өткізіліп келетін мұғалімдердің кәсіби байқауларының бірі "Үздік педагог" конкурсына жолдап, қатысып көруді жөн көрген Дина жыл қорытындысын үздік аяқтағанына дән риза. Атақтан бұрын тәжірибелікті алға тартқан ол "Облыстың үздік педагогы болу – мәртебе" екенін айқындап, қомақты көлемінде біржолғы сыйақы иеленді.
Нұрай ӘМІРХАНОВА