Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қызылордада жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Өңірде алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылуын қамтамасыз ету, инженерлік-коммуналдық желілердің тұрақты жұмысын жолға қою және қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Осыған байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жылу беру маусымына дайындық барысы, коммуналдық инфрақұрылымның әзірлігі және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы жөнінде сала мамандарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Қазіргі таңда жылу көздері, инженерлік-коммуналдық желілер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы пысықталып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат - жылу беру маусымын тұрақты өткізіп, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.
- Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғырту, жылу желілері мен қазандықтарды жөндеу, сондай-ақ электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 1 079 әлеуметтік нысанның жылу беру маусымына дайындығы бүгінде 98 пайызды құрайды. Алдағы маусымға қажетті көмір қорын қалыптастыру жұмыстары да бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт электр энергиясын және 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы іске қосылды. Алдағы жылу беру маусымында қала тұрғындарын аталған орталық арқылы жылумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жылумен қамту сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өңірдің жылу беру маусымына дайындығы тұрақты бақылауда ,- деді Тахир Қуанышбекұлы.
Өз кезегінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары - бас инженер Шалқар Рахышевтің айтуынша компанияның балансында әртүрлі кернеудегі 10 608 шақырым электр желісі және 2 058 қосалқы станция бар, олардың жалпы тозу деңгейі 60 пайызды құрайды. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама аясында «ҚЭТТК» АҚ-ының электр қондырғылары мен электр желілерінің жалпы тозу деңгейін 60 пайыздан 59,5 пайызға төмендету жоспарланған. Қазіргі таңда, бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, Жаңақорған, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы АЭТ-дағы жоспарлы жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі таңда, Қазалы,Қызылорда қаласының аумағындағы қосалқы станцияларда тиісті жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, «Қызылорда Су Жүйесі» МКК өндірістік-техникалық бөлім бастығы Маржан Сырманованың айтуынша, жылу беру кезеңінде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Кәсіпорынның негізгі нысандары мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы бақылауға алынып, қысқы кезеңде туындауы мүмкін ақаулардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар коммуналдық жүйелердің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
-Кәсіпорын қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз суларын бұру және тазарту жұмыстарын атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорынның қарамағында 117 ауыз су ұңғымасы, 11 насос станциясы, 981,5 шақырым ауыз су және 455,2 шақырым кәріз желісі, 67 кәріз насос станциясы мен 2 биологиялық тазалау станциясы бар. Орташа тәуліктік ауыз су өндіру көлемі 72,4 мың текше метрді құрайды. Жылу беру маусымына дайындық аясында ауыз су және кәріз нысандарында жоспарлы жөндеу, алдын алу және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қажетті реагенттер мен материалдар қоры қалыптастырылды. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама шеңберінде тереңдік насос қондырғылары мен өрт гидранттары сатып алынуда. Кәсіпорын алдағы кезеңде болуы мүмкін апаттық жағдайларды жедел жою үшін қажетті материалдық қорлармен қамтамасыз етілген ,- деді Маржан Сейтханқызы.

-Қызылордада алдағы 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқын алып, жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Өткен жылу маусымы 1 сәуірде аяқталып, одан кейін қаланың жылу жүйелерінде жоғары қысымды сынақтар өткізілді. Қазіргі таңда қаладағы автономды блок-модульдік қазандықтардың 8-і ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп тұр, сондай-ақ №1 және №3 газтурбиналық қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеуде. Кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырғыларын жөндеу жұмыстарының 88 пайызы орындалды. Қызылорда қаласында жалпы ұзындығы 204 шақырым жылу желісі бар, оның тозу деңгейі 40 пайызды құрайды. Жылу желілерін гидравликалық сынау барысында анықталған 42 ақаудың барлығы толық жойылды. Жоспарланған жұмыстарды іске асыру нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 39,8 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр ,- деді “Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК директоры Бақытжан Молдабекұлы.

26 тамыз 2026 ж. 60 0