Қызылордада жылу маусымына дайындық барысы пысықталды

Облыс әкіміне сала басшысы жылыту маусымына дайындық барысы мен коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баяндады.

Сала басшысы қазіргі кезде коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 66%-ға, әлеуметтік сала нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары 81%-ға орындалғанын жеткізді. Сондай-ақ, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы бүгінде 70% құрайды.
Айту керек, өңірде жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары да қарқын алды. Мәселен, «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламаларымен Қызылорда қаласында 14 шақырым жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылды.
Қабылдау барысында аймақ басшысы әлеуметтік нысандарға жүргізілетін жылыту жұмыстары бойынша есепті тыңдады. Биыл өңірде 1185 әлеуметтік сала нысандарының жөндеу жұмыстары 81%-ға орындалған. Оның ішінде 432 білім беру нысаны, 312 мәдениет саласының нысаны, 247 денсаулық сақтау нысаны, 460 кіші қазандықтардың жөндеу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары жоспарланған.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова басқарма басшысына жылыту маусымы кезеңіне дейін қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асырып, жылу жүйелері талапқа сай уақытылы дайын болу керектігін тапсырды. Бұл ретте қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.

kyzylorda-news.kz