Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті – Мемлекет басшысы
Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.Президент әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастағанына назар аудартты.
- Қазақстан да аталған санатқа кіреді. Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады, - деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртатынын айтты.









