Сыр өңірінде тіл саясаты жүйелі жүзеге асырылуда
Қызылорда облысында тіл үйренуге деген сұраныс жоғары. Бұған дейін 282 адам тілдік курстардан өтіп, сертификат алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов мәлімдеді.Оның айтуынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар жыл бойы жалғасын табады. Облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан биыл «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» жобасы аясында интеллектуалды сайыстар, Абай күніне арналған іс-шаралар, көрнекі ақпараттарды сауатты жазуға бағытталған байқаулар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен заманауи бренд қалыптастыру талаптарын сабақтастыра отырып, кәсіпкерлерге мазмұнды әрі тартымды атау таңдауға бағыт-бағдар беретін «Сыр өңірінің эргонимдері» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.
«Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда бақылау және түсіндіру жұмыстарына да басымдық береміз. Облыстық қоғамдық даму басқармасы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, облыстық басқармалардың, қала, аудан, кент және ауылдық округ әкімдері аппараттарының тіл туралы заңнаманы сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Осы бағытта 11 мекемеге тексеру жүргізіліп, тиісті ұсынымдар берілген. Көрнекі ақпараттар мен деректемелерді орналастыру кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында басқармаға және қала, аудан әкімдіктеріне арыз түскен жағдайда хаттама толтырып, тиісті шара қабылдау құқығы берілген», - деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Ғылыми бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы аясында «Қызылорда облысы ойконимдері» атты ғылыми монография жарық көрді. Бұл еңбек өңірдің тарихи атауларын зерделеп, ұлттық таным мен тілдік мұраны жүйелеуге бағытталған маңызды ғылыми жұмыс ретінде мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретінде дамуына да өзіндік үлес қоспақ.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









