Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ МЕН ТІЛ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ МЕН ТІЛ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және тілдік ортаны дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Арал ауданында жүйелі түрде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар аудан әкімінің 2024 жылғы 2 қазандағы №48 Ө/НҚ өкімімен құрылған аудандық жұмыс тобының жоспарлы іс-қимылдары негізінде жүзеге асырылып келеді.Жұмыс тобының бекітілген жоспарына сәйкес, 2025 жылдың 5 ақпанында, 25 сәуірінде және 8 тамызында Арал қаласы аумағындағы маңдайша жазулары мен сыртқы жарнама мәтіндеріне кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бақтыбай батыр, Астана, Әбілхайыр хан, А.Каюпов көшелерін қамтыған бұл жұмыстар кезінде көрнекі ақпараттың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілген талаптарға сәйкестігі тексерілді.
– Зерделеу нәтижесінде бірқатар нысандарда мемлекеттік тіл нормаларының бұзылуы анықталып, 15 кәсіпкерлік нысан иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оларға маңдайша мәтіндерін сауатты жазуға арналған схема-үлгілер, «Қате жазба – дұрыс жазба» мысалдары, қолданыстағы нормалар жинақталған әдістемелік жадынамалар тапсырылды.
2025 жылдың 8 тамызында аудандық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында тіл мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды шара – «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты семинар өтті. Семинарды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және аудандық кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырды.
Жиынға аудан орталығындағы мейрамхана, дәмхана, асхана және Coffee BOOM желілерінің иелері, облыстық оқыту орталығының үш тіл бойынша оқытушылары, «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің филиал қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен сала мамандары қатысты. Бөлім басшысы Бауыржан Махатов мемлекеттік тіл саясатына қатысты нормативтік-құқықтық актілер, жаңа талаптар мен өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар «Кәсіпкерлерге «Тағам атаулары сөздігі», Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған салалық терминдер жинағы, көрнекі ақпаратты рәсімдеу бойынша үлгілік нұсқаулықтар таныстырылып, тегін таратылды» дейді «Арал ауданының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi» коммуналдық мемлекеттiк мекемесiнiң бас маманы Бекбол Мәмбетов.
Аталған сөздікте ет, балық, көкөніс, теңіз өнімдері, сүт өнімдері және ұннан жасалатын тағам атаулары, түрлі салаттар, ас қоспалары, сусындар, шай түрлері мен тәттілердің қазақша дұрыс нұсқалары жүйеленіп берілген. Бұл материалдар кәсіпкерлерге мәзірді сауатты түзуге үлкен қолдау болып отыр.
Тіл заңнамасының орындалуын бақылау мақсатында 2025 жылдың 19-22 қыркүйегі аралығында Арал қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арнайы рейд жүргізілген. Рейд барысында нысандардың ас мәзірі, бақылау кассасы түбіртектері, ақпараттық бұрыштары мен қызмет көрсету орталарындағы тіл қолдану деңгейі зерделенді.
Заң талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге маңдайша жазуларының орфографиялық нормалары көрсетілген үлгілер, «Тағам атаулары сөздігі» және терминдер жинағы тағы да ұсынылды. Көптеген нысандарда кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.
– Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс көлемінде өткізілген «Полиглот» байқауында аудан намысын қорғаған Елеусизова Фариза Бектасқызы үздік өнер көрсетіп, I орынды иеленді. Бұл – ауданның тіл үйретудегі жетістігінің айқын дәлелі.
Ал «Абай – дана, Абай – дара, қазақта» атты облыстық байқауға қатысқан «Теңіз маржандары» тобы арнайы алғыс хатпен марапатталды. Бұл топтың өнері аудан мәдениетінің әлеуетін көрсетіп, жоғары бағаланды.
2025 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлескен «Тіл – қымбат қазына» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шарада ауданның шығармашыл жастары, этномәдени бірлестік өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілдің мерейін асқақтататын мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Тіл мәдениетін көтеру мемлекеттік қызметкерлер арасында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыстық тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп, «Руханият» орталығында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Этно quiz» интеллектуалды сайысы өтті.
Бұл сайыс қызметкерлердің мемлекеттік тілді қолдану дағдысын арттырумен қатар, ұлттық тарих пен мәдениет туралы білімін тереңдетуге бағытталған, – деген Бекбол Шеризатұлы тіл тазалығын сақтау бағытында өткізілгін іс-шараларды кеңінен баяндады.
Арал ауданында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және тіл мәдениетін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Жүргізілген түсіндіру, әдістемелік қолдау, семинар, рейд, сондай-ақ мәдени-танымдық іс-шаралар аудан тұрғындары арасында мемлекеттік тілге деген құрметті арттыруға елеулі ықпал етуде. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Н.БАҚЫРАН
 
07 желтоқсан 2025 ж. 84 0