Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда "Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс" акциясы өтті

Ауданда "Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс" акциясы өтті

Күні кеше мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында аудан орталығында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты - қала аумағындағы маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндерін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілген талаптарына сәйкестендіру.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен екінші мәрте өткен шараға бөлім қызметкерлері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық өкілдері, Қызылорда облыстық оқыту орталығының Арал ауданы бойынша қызметкерлері және аудан еріктілері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Акция барысында Арал қаласындағы 40-тан астам коммерциялық нысандар зерделенді. Нәтижесінде көрнекі ақпараттары (маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына қайшы келетін 10 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды.

Атап өту қажет, көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс.



"Толқын" ақпарат 

19 мамыр 2021 ж. 596 0