Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Туған жер" қоғамдық қозғалысы қауымдастығының төрайымы Құрманкүл Ерімбетованың мерейлі 70 жасына арналған дөңгелек үстел өтті

"Туған жер" қоғамдық қозғалысы қауымдастығының төрайымы Құрманкүл Ерімбетованың мерейлі 70 жасына арналған дөңгелек үстел өтті

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінің мәжіліс залында азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық бастамаларды ілгерілету және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бағытында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан «Туған жер» қоғамдық қозғалысы қауымдастығының төрайымы Құрманкүл Ерімбетованың 70 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері, әріптестері, мерейтой иесінің замандастары қатысты.
Кездесу барысында Құрманкүл Сұлтанқызының азаматтық қоғам салындағы көпжылдық еңбегі, қоғамдық бастамаларды қолдауға бағытталған қызметі, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесі және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды.
Басқарма басшысы өз сөзінде мерейтой иесінің қоғамдық қызметіне тоқталып, аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың мерейтой иесіне арналған арнайы құттықтауын табыстады. Сонымен қатар, қазақы дәстүрге сай мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, ақ жаулықты анаға деген құрметтің нышаны ретінде орамал тарту етіліп, гүл шоғы ұсынылды.
«Құрманкүл Сұлтанқызының азаматтық қоғам саласындағы сан жылдық еңбегі – ел мүддесіне қызмет етудің жарқын үлгісі. Сіз қоғамдық бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы қоғамның өзекті мәселелерін шешуге атсалысып келесіз. Сіздің мол тәжірибеңіз, іскерлік ұстанымыңызбен азаматтық жауапкершілігіңіз өңірдегі азаматтық қоғам институттарының орнығуына және әлеуметтік бағыттағы бастамалардың өрістеуіне өзіндік ықпалын тигізіп келеді. Қоғам игілігі жолындағы осындай қажырлы қызмет – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және елге деген шынайы жанашырлықты талап етеді. Ел игілігі жолындағы қызметіңіз әрдайым абырой биігінен көрініп, қоғамның әлеуметтік және рухани дамуына бағытталған бастамаларыңыз баянды бола берсін. Мерейтойыңыз құтты болсын!», – деді Руслан Мұхамедәліұлы. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Қызылорда облыстық «Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Сыздықова, «Көкжиек» қоғамдық қорының төрайымы Аймен Турбаева, «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің директоры Зейнар Тажиева мерейтой иесінің адамдық болмысы мен кәсіби жолы, қоғамдық ортадағы белсенді қызметі туралы жүрекжарды пікірлерін білдірді.
02 қыркүйек 2026 ж. 48 0