Қызылжар ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды
Ауданға қарасты Қызылжар ауылында 256-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының өрт сөндіру бекеті ашылды.Жаңа өрт сөндіру бекеті Қызылжар, Ақшатау, Шөмішкөл, Ескіұра және Райым ауылдарындағы жалпы саны 1013 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Шерхан Есжанов, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан Түйменов қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы бастаманың іске қосылуымен құттықтады.
Іс-шара барысында елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және өрттің салдарын жедел жою бағытында еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандары мен ауыл тұрғындары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, өртке қарсы құралымдардың жұмысы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, төтенше жағдайлардың алдын алуда және өрт оқиғаларына жедел ден қоюда маңызды рөл атқарады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі











