Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» ҚАМЫСТЫБАС АУЫЛЫНДА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

ҚАМЫСТЫБАС АУЫЛЫНДА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында ауданға қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде салынған өрт сөндіру пунктінің ашылу рәсіміне қатысты.
«Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасының мақсаты – өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру. Табиғи жағдайлар мен қашықтықты ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігіне уақытылы ден қою өте маңызды. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде аймақта 35 бекет салынған.

Рәсімде Шыңғыс Әрінов сөз сөйлеп, елімізде азаматтық қорғау саласының маңыздылығын атап өтті. «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында республика бойынша 6 мыңнан аса өрт сөндіру бекеті салыну керек болса бүгін Қамыстыбас ауылында ашылған бекет 190-ыншысы екенін жеткізді. Өңірлерде өрт қауіпсіздігінің жедел алдын алу, азаматтардың қауіпсыз өмір сүруіне айтарлықтай септігін тигізетін бұл бекеттің ауданның Сыр беткейіндегі өзге ауылдарға да көмегі тиетінін жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары төтенше жағдайлардың алдын алудағы, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өрт сөндіру бекеттерінің маңыздылығына тоқталды.

«Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің тапсырмасымен азаматтық қорғау саласын жетілдіруге, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге, материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін арттыруға айрықша басымдық берілуде. Бүгін міне, Аралдың Қамыстыбас ауылында өрт сөндіру пунктті ашылуда.
Жалпы төтенше жағдайдың алдын алып, адам өмірін құтқару – жоғары әрі жауапты миссия. Елдің амандығы, қоғамның тыныштығы үшін өз өмірін қатерге тігу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге барша Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымды білдіремін! Бүгінгі жаңадан табыстағалы тұрған заманауи техника ел игілігіне қызмет ете берсін», – деді Бахыт Дүйсенұлы.

Салтанатты рәсімде өрт сөндіру бекетін ашуға атсалысқандар мен азаматтық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды.

Мұнан соң Қамыстыбас ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері С.Садақбаев елге қызмет етіп жатқан азаматтарға батасын беріп, жаңадан ашылып жатқан өрт сөндіру бекетінің жұмысына сәттілік тіледі.

Ауданға келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Сайранұлы Қамбаш көлі жағасындағы "Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті" мемлекеттік мекемесі жедел-құтқару жасағы Қамыстыбас құтқару бөлімшесінің жұмысымен де танысты.

Қазіргі таңда бөлімшеде 14 қызметкер көл жағасында тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, суға шомылу маусымындағы өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып келеді. Мекеме 2 техника, 5 жүзу құралымен қамтамасыз етілген.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Ш.Әрінов азаматтық қорғау саласының қызметкерлері ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін алға тартып, бұл үшін елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

---
13 маусым 2026 ж. 44 0