Бірыңғай төлем құжатын енгізу мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте коммуналдық қызметтердің бірыңғай төлем құжатына қатысты мәселе қаралды.Қызылорда облысында биылдан бастап электр энергиясы, жылу, ауызсумен жабдықтау, кәріз және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметтеріне төлем жасау «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы арқылы жүргізілуде.
Бірыңғай төлем құжатын енгізудегі негізгі мақсат – есеп айырысу үдерісін орталықтандыру, төлемдерді бір жүйеге біріктіру және қызмет көрсетудің қолайлылығы мен ашықтығын арттыру. «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы еліміздің бірнеше өңірінде қызмет көрсетеді.Алайда жаңа жүйеге қатысты тұтынушылартарапынан сауалдар мен наразылықтар туындап отыр. Атап айтқанда, электр энергиясы төлемінің бұрынғыдан қымбаттағаны, сондай-ақ коммуналдық мекемелер тарапынан тікелей және «АЛСЕКО» арқылы қайталама есепшоттардың ұсынылатыны туралы шағымдар бар.
Осыған байланысты энергетика, қоғамдық даму басқармаларына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы бірыңғай төлем құжатының жұмыс тәртібін тұрғындарға кеңінен түсіндіру міндеті жүктелді.
«Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» мекемелері тұрғындарға ай сайынғы төлем құжаттарын бірыңғайжүйе арқылы ұсынуы тиіс. «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы жүйенің жұмысын қайта тексеріп, анықталған кемшіліктерді жоюы, коммуналдық мекемелер енгізетін көрсеткіштер тұрғындарға жедел әрі ашық көрсетілуі қажет.
Сонымен қатар мәжілісте жұртшылықтыңөтініштері мен шағымдарына жедел жауап беру, көтерілген мәселелерді уақытылы шешу тапсырылды.
Жиында «АЛСЕКО» мекемесінің коммерциялық директоры Алексей Бозжанов баяндама жасады.
Бірыңғай төлем құжатына байланысты мәселелер тұтынушылардың берешегі мен мекенжай деректерінің дұрыс көрсетілмеуінен туындаған. Осыған орай мекенжайларды нақтылау және коммуналдық мекемелердің ақпараттық жүйелеріндегі деректерді өзара сәйкестендіру туралы тапсырма берілді.
@ Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі












