Қызылорда облысында жедел медициналық жәрдем қызметі кеңейтілуде
12 қыркүйек - Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күні. Осы атаулы күн қарсаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына баспасөз турын ұйымдастырды. Тілшілер жедел медициналық жәрдем бригадасымен бірге бірнеше шақыртуға барып, медицина қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты.«Қызыл аймаққа» ерекше назар аударуды қажет ететін жағдайлар бойынша шақыртулар жатады. Олардың арасында созылмалы обструктивті өкпе ауруы және жүрек жеткіліксіздігі диагноздарымен диспансерлік есепте тұрған 84 жастағы қала тұрғыны да болды. Пациентте созылмалы ауруларының асқынуы байқалған. Медицина қызметкерлері электрокардиография жүргізіп, қажетті дәрі-дәрмектік көмек көрсетті. Нәтижесінде науқастың жағдайы тұрақтанды.
Жедел медициналық жәрдем фельдшері Саят Қыстаубаевтың айтуынша, шұғыл жағдайларда алғашқы минуттар көбіне шешуші рөл атқарады.
«Жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттар, күйік, құлау, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары аурулары денсаулыққа ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Сондықтан дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмектің маңызы зор. Әрбір шақырту – адамның өмірі мен денсаулығы үшін үлкен жауапкершілік», – деді фельдшер.

Бүгінде өңірде 70 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Станцияның аға дәрігері Ляззат Медетованың айтуынша, медициналық ұйым барлық жеделдік санаттары бойынша шақыртуларды қабылдайды.
Егер бұған дейін станция 1, 2 және 3-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсетсе, қазіргі таңда оның жауапкершілік аймағына 4-санаттағы шақыртулар да енгізілді. Оларға өмірге тікелей қауіп төндірмейтін, алайда медициналық араласуды қажет ететін жіті аурулар мен созылмалы аурулардың асқынуы жатады.
«Тәулік бойы 2 мыңнан астам өтініш қабылдаймыз, оның шамамен 600-і балаларға қатысты. Орта есеппен тәулігіне бригадалар 1 700-ге жуық шақыртуға шығады, олардың шамамен 400 жағдайында пациенттер медициналық тексеруден кейін стационарға жатқызылады. Қызметке түсетін жүктеменің ең жоғары кезеңі – күннің екінші жартысы», – деді Ляззат Медетова.
Қор филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханованың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай базалық пакеті кезең-кезеңімен енгізілуде. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық қызметтерді ажыратуды көздейді.
«Жедел және шұғыл медициналық көмек азаматтарға МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесіне қарамастан қолжетімді болып қала береді. Бұл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда қажетті медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Медициналық көмек уақтылы әрі әрбір тұрғын үшін қолжетімді болуы тиіс», – деп атап өтті Қор филиалының маманы.
Жедел медициналық жәрдем қызметтерін қаржыландыру Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2026 жылға арналған сатып алу жоспарында Қызылорда облысында ТМККК аясында жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуге 6 млрд 814 млн теңге қарастырылған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты










