Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағылшын тілінен шығарманы шебер жазатын ақтаулық оқушы Америкаға баратын болды

Ағылшын тілінен шығарманы шебер жазатын ақтаулық оқушы Америкаға баратын болды

Дарынды жеткіншектің есімі - Аспарух Сұлтанмұрат. Ол химия-биология бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-ші сыныбында оқиды.

Жас өрен жуырда Америка Құрама Штаттарындағы мемлекеттік департаментке қарайтын білім және мәдениет бағдарламалары бюросының қолдауымен өткен «Жол аралық: әлем және жазушылық тәжірибе» атты екі апталық бағдарлама жеңімпаздарының бірі атанды. 
Аталған білім курсы Айова университетімен бірлесе ұйымдастырылған. Биылғы жылдың 13-27 шілде аралығында жоғарыда аталған университетте өтеді деп жоспарланған. Оған ағылшын тілінің шеберлері мен жазушылық қабілеті бар 15 пен 18 жас аралығындағы 30 оқушы іріктеліп алынған. 
Аспарухтың айтуынша, оның бұл бағдарламаға қатысуы үшін ағылшын тілінде түрлі тақырыпта эссе, сонымен қатар кемінде 6-8 беттен тұратын проза немесе поэзия жазу секілді тапсырмалар берілген. 
«Тарих пәніне қызығушылығым жоғары болғандықтан тарихи оқиға желісіндегі драма жазуды ұйғардым. «The Crimson Glow of Spring» атты өз шығармамда ресей-француз соғысында әке-шешесінен айырылып, тұл жетім қалған баланың аянышты тағдырын суреттедім. Ол сурет салуды ұнатады және өзгелердің айтқанына қарамастан сүйікті ісімен айналысуды еш тоқтатпайды», - деді жас автор байқауға жазған еңбегі турасында. 
Аспарух Сұлтанмұрат ерте жасынан ағылшын тілін үйренуге айрықша ден қойған. Пайымдауынша, көптеген пайдалы деректерді түпнұсқада меңгеру арқылы адам өз бойында біршама мүмкіндіктерді аша алады. 
«Бұл бағдарлама маған өте пайдалы боларына сенімім зор. Ең бастысы, АҚШ-қа сапарым естен кетпес әсер мен ағылшын тілін меңгеруге тамаша мүмкіндіктер сыйлайды деп үміттенемін. Курстан алар ендігі білімімді шетелдік университеттерге білім грантына үміткер болғанда пайдаланатын боламын. Осы байқауға дайындалуға техникалық тұрғыдан қол ұшын созып, көмектескен ұстазым, біздің мектебіміздің кәсіби бағдар беру жөніндегі кеңесшісі Сауле Алдабергеноваға, жалпы шет тілді меңгеруге көмек көрсеткен барша ұжымға зор алғыс айтамын», - деді жас қаламгер. 
Айта кетелік, жас дарынның ағылшын тілін жетік меңгеруіне Назарбаев Зияткерлік мектебінің пән мұғалімі Нұрзада Ермағамбетова мен Jacob Labuschagne көп еңбек сіңірген. Нәтижесі де осал емес. Олардың шәкірті Аспарух осы жылғы IELTS емтиханынан 6,5 балл жинап отыр.
16 мамыр 2019 ж. 489 0