Облыстық тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толды
Kyzylorda-news.kz Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, Жоғары аудиторлық палатасы жоспарлау, сертификаттау және әдіснама департаменті директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева, еліміздің барлық өңірінен келген тексеру комиссияларының төрағалары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы мемлекеттік аудит саласының бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында қаржы тәртібі мен бюджет қаражатының ашықтығы қоғам сенімінің негізі екенін айтып, қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қатаң тапсырып келеді. Әрбір теңге халықтың игілігіне бағытталып, тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік аудит органдары жазалаушы емес, бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға ықпал етіп, тәуекелдерді алдын ала анықтап, әріптестік қызмет атқаруда. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы өңірде мемлекеттік ресурстардың тиімді әрі мақсатты пайдаланылуына зор үлес қосып келеді. Мерейлі мерекеге орай салада қызмет атқарған ардагерлер мен мамандарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қажымас қайрат тілеймін!» – деді облыс әкімі.
Іс-шарада бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев сөз сөйлеп, әріптестерін құттықтады. Өңірде мемлекеттік аудитпен қамтылған қаржы көлемі 2025 жылы 2 трлн теңгеден асып, 2012 жылмен салыстырғанда 3 есе өсті. Тексеру комиссиясы заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар, оның алдын алуға басымдық береді. Әдістемелік және тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде бюджеттік ұйымдардың қаржылық сауаттылығы артып, кемшіліктер азайған.
Тексеру комиссиясының 15 жылдығы – өңірдің қаржылық бақылау жүйесінің дамуындағы маңызды белес. Осы уақыт ішінде комиссия кәсібилік пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, ауқымды жұмыс атқарды.











