Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа вокзал – жаңа келбет

Жаңа вокзал – жаңа келбет

Бүгін Алланың қалауымен тағы бір тарихи күннің куәсі болдық.

ХХ ғасырдың басында қазақ даласына жаңа тыныс әкелген «Орынбор – Ташкент» теміржолы Сыр өңірінің де әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін бергенін бәріміз білеміз. Сонау 1905 жылы бой көтерген Арал теңізі станциясының ғимараты да сол дәуірдің үнін бүгінге жеткізген тарихи нысан болатын. Ғасырдан астам уақыт қызмет етіп, талай тағдыр мен талай сапардың куәсі болған сол нысанның әбден тозығы да жеткені өтірік емес.
Енді міне, төреші уақыттың тербелісінде ғасыр жүгін көтерген көне ғимараттың орнын жаңа, сәулеті келіскен, сапасы жоғары, заманауи талаптарға сай вокзал басты. Ең бастысы – ел қуанды. Тілеулес жұрттың жан-жақтан төккен жылы пейілі, қуаныш жазбасы қаншама.
Бұл жай ғана жаңа ғимараттың ашылуы емес, Аралдың жаңа келбетіне, жаңа мүмкіндіктеріне жасалған тағы бір маңызды қадам.
Көне ғимарат кешегі тарихтың куәсі болған болса, бүгін болашақтың баспалдағы болар жаңа нысан бой көтерді.
Жаңа нысанның қуанышына ортақтаса келген Құрылтай депутаттары Серік Салауатұлына, Нүркен Бақытбекке, Мағжан Абзалұлына, өзіміздің қызымыз Ираға ел алғысы шексіз.
Еліміз бойынша 125 вокзал ғимаратын жаңартуға пәрмен берген Мемлекет басшысына, жаңа нысанның ел игілігіне уақытылы тапсырылуына шексіз үлес қосқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлына, аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлына мың алғыс!
Жаңа вокзал аралдық ағайынға да, қасиетті өңіріміз арқылы сапарлайтын мыңдаған жолаушыға да ұзақ жылдар бойы қызмет етсін!
Жаңа вокзалдан басталған әр сапар сәтті, әр оралу қуанышты болсын!
А. ОҢҒАРБАЕВ

19 қыркүйек 2026 ж. 63 0