Ғасырлар үнін жалғаған жаңа вокзал
Аралдың теміржол тарихы – елдің тарихымен тамырлас. Осы өңірде талай ұрпақтың жолын тоғыстырған, талай адамның арманын алыс аймақтарға жеткізген ғасырлық вокзалдың орны бүгінде жаңа, заманауи теміржол вокзалына беріліп отыр. Бұл – бір ғимараттың жаңаруы ғана емес, Аралдың жаңа дәуірге қадам басқанын білдіретін маңызды оқиға.Мен Аралдың талай белесін көрген ардагер ретінде бұл жаңалықты ерекше толқыныспен қабылдадым. Өйткені біз үшін ескі вокзалдың орны бөлек еді. Оның қабырғаларына қарап отырып, өткен күндердің елесін көріп, сезетінбіз! Бір ғасыр бойы бұл ғимарат талай тағдырдың куәсі болды.
Теміржолдың Арал үшін маңызы айрықша. Бір кездері Арал теңізінің айдыны шалқып, балық шаруашылығы өңір экономикасының күретамыры болған шақта теміржолдың игілігі көп тиді. Теңізден ауланған балық пен балық өнімдерін басқа өңірлерге жеткізуде теміржолдың атқарған қызметі зор. Аралдың атағын алыс аймақтарға жеткізген балық шаруашылығының дамуына да теміржолдың ықпалы орасан.

Вагондарға тиелген балық өнімдері еліміздің әр түкпіріне жөнелтілетін. Сол арқылы жергілікті халықтың еңбегі ел игілігіне айналды. Теміржол жүк тасымалдайтын қатынас жолы емес, Аралдың экономикалық тынысын кеңейткен үлкен арна болды. Балықшылардың маңдай тері, зауыт жұмысшыларының еңбегі, теміржолшылардың тынымсыз қызметі бір-бірімен сабақтасып жатты. Сол вокзалдан талай адам алыс сапарға аттанды. Бірі білім іздеді, бірі еңбек жолын бастады, енді бірі туған жерге қайта оралды. Қуанышпен қарсы алған да, қимай шығарып салған да сәттер аз болған жоқ. Сондықтан вокзалдың тарихы – Арал тарихының бір бөлігі.
Ғасырлық ғимарат өз міндетін абыроймен атқарып, бірнеше буынға қызмет етті. Уақыт алға жылжыды. Қазіргі таңда жолаушыларға жайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету қажеттілігі артты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа вокзалдың бой көтеруі – уақыт талабы.
Жаңа вокзалдың ашылуын көргенде, көңілде қуанышпен бірге өткенге деген құрмет те оянады. Себебі жаңа ғимарат ескі тарихты жоққа шығармайды. Керісінше, ғасыр бұрын басталған жолдың жалғасы іспетті. Ескі вокзал Аралдың қалыптасу дәуіріне қызмет етсе, жаңа вокзал оның келешекке бет алған кезеңінің символына айналмақ.
Меніңше, жаңа вокзалға қадам басқан әрбір жолаушы осы жерде ғасыр бойы талай тарихтың қалғанын сезінсе екен. Өткенді ұмытпай, жаңаны бағалай білу – ұрпақ сабақтастығының белгісі. Бүгінгі жаңа вокзалдан Аралдың ертеңіне қарай жаңа сапарлар басталады. Мұнда келетін қонақ көбейіп, кететін жолаушының жолы ашық болсын. Теміржолдың игілігі артсын, Аралдың экономикасы өркендеп, теңіз жағасындағы қасиетті мекеннің мерейі үстем болсын.
Әбілбай САДЫҚБАЕВ,
Арал ауданының Құрметті азаматы









