Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина көшбасшылары: Қызылорда облысында үздіктер марапатталды

Медицина көшбасшылары: Қызылорда облысында үздіктер марапатталды

Kyzylorda-news.kzӘлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 10 жылдығына орай елімізде алғаш рет республикалық «Медициналық көмектің флагманы» байқауы өтті. Жарыс биылғы жылдың 1 мамыры мен 1 тамызы аралығында ұйымдастырылып, тиімді жұмысымен, жоғары көрсеткіштерімен және пациенттердің қажеттіліктеріне бағдарлануымен ерекшеленетін медициналық ұйымдарды анықтауға бағытталды.
Өңірде байқауға 121 медициналық ұйым қатысты.
Медициналық ұйымдардың қызметі алты негізгі индикатор бойынша бағаланды:
  • медициналық қызметтер көрсетушінің қаржылық тұрақтылығы;
  • халықпен ақпараттық жұмыс;
  • шағымдар санын азайту;
  • пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі бақылау жұмысының тиімділігі;
  • медициналық ұйымның қаржылық тәртібі;
  • Qalqan ақпараттық жүйесіне қатысуы.
Бағалау қорытындысы бойынша байқаудың жеңімпаздары анықталды.
диплом осмс.jpg
«Бастапқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсету жағдайларында» бағыты бойынша 44,2 ұпай жинаған «Сырдария аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК үздік деп танылды.
«Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету жағдайларында» бағыты бойынша 42,3 ұпай жинаған «Dertke Daua» ЖШС бірінші орынға ие болды.
Ал «Сенім медицинасы: назар орталығында - пациент» арнайы номинациясында №6 қалалық емхананың жұмысы атап өтілді. Республикалық комиссия емхананың азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізудегі нәтижесін жоғары бағалады.
Атап айтқанда, тұрғындардың шағымдары 80%-ға төмендеген, сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметінің тиімді жұмысы атап өтілді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Жұпар Алхожаеваның айтуынша, байқау медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тиімді тәсілдерді анықтап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
«Байқаудың басты мақсаты – үздіктерді анықтап қана қоймай, басқа медициналық ұйымдарға үлгі бола алатын озық тәжірибелерді көрсету. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, сондай-ақ пациенттердің сенімі басты назарда. Медициналық ұйымдардың пациенттермен тиімді өзара іс-қимылы жалпы денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің қалыптасуына тікелей ықпал етеді», - деді Жұпар Алхожаева.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға естелік кубоктар мен дипломдар табысталды.
21 қыркүйек 2026 ж. 46 0