2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Каспийде қаза тапқан 20 жастағы әскери қызметкер Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған

Каспийде қаза тапқан 20 жастағы әскери қызметкер Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған

stan.kz
Фото: instagram.com/zhas_batyr_aktau
24 қыркүйекте Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында Маңғыстау облысынан шыққан жас спортшы, Қазақстан чемпионатының жүлдегері Сержан Аяпберген де болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бейсенбі күні кешке Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің тізімін жариялады. Олардың қатарында мерзімді әскери қызметтегі матрос Аяпберген Сержан Талғатұлы да бар. Ол 2006 жылғы 18 ақпанда дүниеге келген. Маңғыстау облысының тумасы, Ақтау қаласында тұрған Сержан Аяпберген 20 жаста еді.
Марқұм әскерге дейін көп жылын спортқа арнаған. Ол Маңғыстаудағы "Жас Батыр" спорт мектебінің тәрбиеленушісі болған. Самбомен және дзюдомен айналысып, жастайынан түрлі деңгейдегі жарыстарда өңір намысын қорғаған.
2018 жылғы ақпанда 12 жастағы Сержан Аяпберген Бішкек қаласында өткен самбодан халықаралық турнирде күміс жүлде жеңіп алды. Сол жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 327 спортшы қатысқан.
Ақтауда жасөспірімдер арасында өткен дзюдодан халықаралық турнирде ол 42 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Бұл жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген спортшылар қатысты.
Бұған дейін де Сержан 2006-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жеңімпаз атанған. Оның есімі "Жас Батыр" мектебі ұйымдастырған турнирлерде алтын медаль иегерлері қатарында аталған.
Спорт мектебінің мәліметінше, Сержан спорттағы жылдарында самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ТМД елдері арасындағы студенттік жарыстарда жүлдеге ие болған. Сондай-ақ дзюдодан республикалық және халықаралық турнирлерге қатысқан.
"Маңғыстаудың спорт қауымдастығы үшін Сержан Аяпберген Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің бірі ретінде ғана емес, бала кезінен татамиге шығып, өңір намысын қорғаған, медальдар жеңіп алып, спорттағы жолын біртіндеп қалыптастырған спортшы ретінде есте қалады", – делінген жазбада.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
25 қыркүйек 2026 ж. 36 0