Жылу беру маусымына дайындық қарқынды
Алдағы 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары Арал ауданында жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қысқы кезеңде тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды жылу, электр энергиясы және ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, негізгі мәселелер аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр.Жылу беру маусымының қалыпты өтуіндегі басты міндеттердің бірі – қатты отын қорын жеткілікті көлемде қалыптастыру. Биыл аудан бойынша жылу беру маусымына жалпы 9,6 мың тонна қатты отын қажеттілігі жоспарланған. Оның 6,7 мың тоннасы – халықтың, 2,9 мың тоннасы әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне бағытталған.Қазіргі таңда аудан көлемінде көмір отынын сатумен айналысатын төрт өңірлік оператор жұмыс істейді. Олар – «Тоғыс-Арал отын» ЖШС, «Нұрайжан» ЖШС, жеке кәсіпкерлер Ипатурова және Қалиев. Бүгінгі күнге дейін ауданға 2380 тонна, яғни 34 вагон қатты отын жеткізілді. Алдағы уақытта қажетті көлемдегі көмірді уақытылы жеткізу және тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды отынмен қамту мәселесі бақылауда болады.
Қысқы кезеңдегі тұрақты тіршілікті қамтамасыз етудің тағы бір маңызды бағыты – елді мекендерді табиғи газбен қамту. Арал ауданында газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Арал қаласы, Жақсықылыш және Сексеуіл кенттері, сондай-ақ Шижаға елді мекені табиғи газ игілігін пайдаланып отыр.
Бұдан бөлек, Қамыстыбас елді мекенін толықтай табиғи газға қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданның газдандырылу деңгейі 75,4 пайызды құрайды. Қамыстыбас елді мекенін газбен қамтамасыз етіп тұрған автоматтандырылған газ тарату станциясы алдағы уақытта тағы 18 елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда аудан тұрғындарының 90,3 пайызы көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алады.
Электрмен жабдықтау саласындағы ахуал да қысқы маусым қарсаңында ерекше назарда. «ҚЭТТК» АҚ Арал аудандық филиалының теңгерімінде 1879,4 шақырым электр желісі, 217 қосалқы станция, 5 орталық тарату пункті және 26 900 электр бағанасы бар.
Алайда электр желілерінің басым бөлігі 1970-1980 жылдары салынғандықтан, олардың тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отыр. Бұл әсіресе қолайсыз ауа райы кезінде электрмен жабдықтау жүйесінде түрлі ақаулардың орын алуына себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты электр желілерін жаңғырту жұмыстарына басымдық берілуде. 2025 жылы Арал қаласындағы 0,4 кВ электр желілері жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шижаға елді мекеніндегі 0,4 және 10 кВ электр желілерінің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта Сексеуіл кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Абай, Қамыстыбас, Аманөткел, Қаратерең және Аралқұм елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ендігі кезекте аталған жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаржының бөлінуі күтілуде. Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп, желілердің сенімділігін арттыруға бағытталған.
Қысқы кезеңде назардан тыс қалмайтын тағы бір маңызды мәселе – ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Ауданда Абай, Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендерін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жобалары толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Бүгінде Арал және Қазалы аудандарының тұрғындары мен мекемелері «Арал-Сарбұлақ» су құбыры арқылы тәулігіне орта есеппен 1600 текше метр ауыз су тұтынады.
Қыс айларында ауыз судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті дайындық шаралары қолға алынған. Қазіргі таңда «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі тарапынан су ұңғымаларының есік-терезелерін қымтау, ұңғыма құбырларын термокабельдермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бөлімше нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін кешенді трансформаторлық қосалқы станциялар мен дизельді электр станциялары тексерістен өткізілуде.
Жалпы, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысында отын қорын толықтыру, газдандыру аясын кеңейту, электр желілерін жаңғырту және ауыз судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл шаралардың барлығы қыс мезгілінде аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ










