Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде штаб отырысы өткізілді.
Жылу маусымына отын қорын жеткізу – өзекті мәселе. Аудан көлемінде әлеуметтік-мәдени маңызы бар 189 нысан бар. Аағымдағы жылы өңірде жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Мәселен, 2019 жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен Жақсықылыш кентін «Компания Газ Строй»ЖШС-гі арқылы газдандыру жұмыстары жүргізіліп, газдандыру жұмыстары барысында 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пунктері орнатылып, үстіміздегі жылдың шілде айының 10-да пайдалануға берілді. Бұған қоса аталған басқарма арқылы ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы емхана және №19 спорт мектебінің бу қазандықтарын газ отынына қосу жұмыстары жүргізіліп, шілде айында пайдалануға берілді.
Жалпы 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша қатты отынға қажеттілік 17 000 тоннаны құрайды. Оның 6070 тоннасы әлеуметтік нысандарға,10 930 тоннасы тұрғындар қажеттілігіне. Қазіргі таңда аудандағы отын базаларында 610 тонна қатты отын қоры бар. Жалпы жаз айларынан бастап, бүгінгі күнге дейін ауданға 7 вагон (483 тонна) көмір отыны келді. Алдағы 3 күндікте Сексеуіл кентіне 11 вагон (345 тонна) көмір келеді деп күтілуде.
Штаб отырысында аудан басшысы Арал ауданы бойынша әлеуметтік нысандардың қысқы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы әр сала басшыларының есебін тыңдады.
Жиын барысында аудандық білім бөлімі басшысының кеңесшісі А.Бөлекбаев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Үмбетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Төрахметов және аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Т.Әлжанов өздеріне қарасты мекемелер бойынша жылу беру жүйесінің жай-күйі турасында баяндап, қыс мезгіліне дайындық барысы жоспарға сай екендігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кеңінен талдау жүргізген аудан әкімі жылу маусымына дейін қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асырып, жылу жүйелері талапқа сай дайын болу керектігін тапсырды. Бұл ретте қысқа дайындық мәселелері аудандық штабтың тұрақты бақылауында болатыны айтылды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
04 қыркүйек 2020 ж. 787 0