Қызылорда облысы бойынша ӘМСҚ филиалының директоры тағайындалды
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасының бұйрығымен Рахменшеев Сапар Құттыбайұлы Қордың Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры болып тағайындалды.Сапар Рахменшеев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. PhD докторы, Master of Business Administration (MBA) дәрежесіне ие. Сондай-ақ «Денсаулық сақтауды және қоғамдық гигиенаны ұйымдастыру» және «Психиатрия» мамандықтары бойынша жоғары біліктілік санаттары бар.
Сапар Құттыбайұлы денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолын 1997 жылы дәрігер-психиатр-нарколог қызметінен бастаған. Көп жылдық еңбек жолында тәжірибелік дәрігерден денсаулық сақтау жүйесіндегі ірі ұйымдар мен құрылымдардың басшысына дейінгі кәсіби жолдан өтті.
Әр жылдары Алматы және Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті департаменттерінің директоры, Денсаулық сақтауды дамыту институты директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2017-2018 жылдары Алматы қаласындағы «№1 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас дәрігері болды. Ал 2018 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың наурызына дейін Алматы қаласындағы «Психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК директоры қызметін атқарды.
Қор Басқарма төрағасының кеңесшісі Бақытжан Абдуллаев филиал ұжымына жаңа басшыны таныстыра отырып, оның денсаулық сақтау саласындағы мол кәсіби тәжірибесін атап өтті:
«Сапар Құттыбайұлының денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру және басқару, медициналық менеджмент пен практикалық медицина саласында мол тәжірибесі бар. Бұл тәжірибе Қордың жұмысында сұранысқа ие болып, оның қызметін одан әрі жетілдіруге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Алдағы жұмысыңызда табыс, кәсіби жетістіктер тілеймін».










