Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүбелі істердің сардары

Сүбелі істердің сардары

Бір кездері «Қызылордаға не келеді?» дегеннен гөрі «Қызылордадан не кетеді?» деген әңгіме жиі айтылатын. Ал қазір жағдай басқа. Соңғы жылдары өңірге инвестиция келді, өндіріс орындары ашылды, жаңа мектептер мен ауруханалар бой көтерді, жолдар жөнделді, елді мекендер газға қосылды, ауызсу мәселесі шешілді. Қаланың келбеті өзгерді. Ауылдардың ажары кірді. Толғағы жетсе де тоң боп қатқан түйіндердің тіні тарқатылды. Бұл бір адамның ғана еңбегі емес, әрине. Үлкен істің басында үлкен жауапкершілікті нардай арқалаған азаматтар болды.
Мемлекеттік қызметтің басты өлшемі лауазым емес, ел алдындағы жауапкершілік пен халық игілігіне бағытталған нақты іс. Осы тұрғыдан алғанда Нұрлыбек Машбекұлы Сыр өңіріне басшылық жасаған жылдар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды жобалар жүзеге асқан, қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылған кезең болды.
2022–2025 жылдары Қызылорда облысына 2,3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Жаңа өндіріс орындары ашылып, энергетика саласы жаңғыртылды, өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға негіз қаланды.
Қызылорда қаласында әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Тұрғындар игілігіне 11 мың көрерменге арналған «Қайсар Арена» стадионы, «Өнер орталығы», «Достық үйі», жаңа автовокзал, «Анаға тағзым» орталығы, «Құзіреттілік» орталығы және Президент паркі берілді. Бұған қоса, «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ашылып, қаланың заманауи келбеті айтарлықтай өзгерді.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру нәтижесінде өңірдегі елді мекендерді газбен қамту деңгейі 70 пайыздан 83 пайызға дейін жоғарылады. Ал облыс халқын орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жеткізілді.
Білім беру саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс бойынша 42 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар дарынды балаларға арналған лицей-интернаттар, музыкалық колледж, «Оқушылар сарайы» және «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы ашылып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік кеңейді.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту бағытында 42 нысанның құрылысы жүзеге асырылды. Оның ішінде ауылдық жерлерде 28 фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды.
Көлік және логистика саласында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының облыс аумағындағы құрылысы толық аяқталды. «Қызылорда-Ақтөбе» автомобиль жолын бірінші санатқа ауыстыру және «Сексеуіл-Бейнеу» бағытын дамыту жобалары облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартуға және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Сырдағы оң өзгерістердің Арал үшін де маңызы айрықша. Табиғи-экологиялық мәселелері күрделі, өзіндік әлеуметтік ерекшеліктері бар ауданы үшін әрбір инфрақұрылымдық жобаның орны бөлек. Аралда соңғы екі жылда бес мектеп, бірнеше денсаулық сақтау нысандардың салынуы жас ұрпақтың болашағына жасалған инвестиция болса, одан бөлек түрлі әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы ел әлеуетін жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.
Мұндай бастамалардың маңызы салынған нысандардың санымен ғана емес, халыққа беретін пайдасымен өлшенеді. Өңірдің дамуы ауданның дамуына, ал әрбір ауданның өркендеуі тұтас елдің әлеуетін нығайтуға қызмет етуі тиіс. Оның басты нәтижесі халықтың өмір сапасының жақсаруы, экономиканың нығаюы және келешекке деген мүмкіндіктердің артуы. Осы тұрғыдан алғанда, Сыр өңірінде соңғы жылдары жүзеге асқан жұмыстардың ел дамуындағы орны ерекше.
Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы!
Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Ердің жасы елуге ентікпей жеттіңіз. Бұл жас ел ағасы атанатын, парасат-пайым салтанат құратын айтулы белес.
Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ел игілігі жолындағы жауапты қызметіңізге табыс тілеймін!
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
Арал ауданының әкімі

13 қазан 2026 ж. 48 0