Сыр елінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтер апталығы бастау алды
Қызылорда қаласында Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті. Жиынға Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекетінен және Қазақстанның 10 өңірінен келген 100 волонтер және облыстағы 500-ден астам белсенді студенттер мен ерікті жастар қатысты.
Апталық жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Басқосуда облыс жастары атынан «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрза сөз сөйлеп, қонақтарға Сыр жастарының ыстық лебізін жеткізді.
"Құрметті жастар, қадірлі қонақтар, Қазақстанға, оның ішінде қазақтың алғашқы астанасы болған, топырағын түртсең тарихы сөйлейтін, руханияты бай, қонақжай өлке қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер!
Бүгін бізді ортақ мақсат біріктіріп отыр. Ол – табиғатты қорғау, Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіруге үлес қосу және келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру.
Арал тағдыры – бір өңірдің ғана емес, барша адамзаттың ортақ мәселесі. Ал оны шешу үшін бірлік, жауапкершілік және үздіксіз әрекет қажет", - деді ол.
Айта кетейік, бағдарлама барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларын таныстырады. Бұдан бөлек, олар қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырады. Негізгі іс-шаралар Қызылорда облысының Арал ауданында өтеді.













