Әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты: Тоқаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту керегін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Президент алмағайып заманда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін не істеу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
“Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық. Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет”, – дейді мемлекет басшысы.
Президент әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейгенін атап өтті.
“Ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды. Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ”, – дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір әлем халқы жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал “қырғи-қабақ соғыс” кезінде де болмаған дейді президент.
Бұған дейін Тоқаев Бакудегі саммитте Азия елдері үшін қауіпсіздіктің жаңа тетігін, яғни Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі.











