Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел дамуына жаңа серпін берді

Ел дамуына жаңа серпін берді

Күз айының алғашқы күні Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жариялаған еді. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтыған бірнеше өзекті мәселелерді шешу қажеттігін баса айтты. Еліміздің саяси-экономикалық дамуына жаңа серпін берген Жолдауда жалғыз саяси реформамен шектелмей, әлеуметтік-экономикалық реформаны да жүргізіп отыру керектігін атап өтті.
Аталған Жолдаудың негізгі бағыты – елді дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына айрықша мән беру. Қай кезде де мемлекеттің өркендеуі әр саладағы кадрлардың біліктілігіне, ізденіс пен шешімді нақты табуына байланысты екені анық.
Жолдауда 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсіп, дәрігерлердің еңбекақысы да айтарлықтай көбейгенін, сонымен қатар орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың бір маңызды шарты деп білген Мемлекет басшысы әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс екендігін атап айтты. Осы тұрғыда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Сондай-ақ келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілуі ел-халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан ізгі қадамдар деп білемін.
Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекет импорттан экспорт бағытына басымдық көрсетуімен, елдегі жер үсті және жер асты байлықтарын тиімді пайдалану бағытымен, атқарушы органдарға дербес шешімдер қабылдау еркіндігін беруімен экономикалық жетістіктерге жеткізе алатынын нақтылап берді. Осы турасында Президент «Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз" деген еді.
Атап өтерлігі, Президент халыққа арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жан-жақты дамуы үшін қоғамдағы барлық сала қамтылған және қалай жүзеге асыру керектігін де көрсетіп берген. Осындай кемел келешегімізде саяси-экономикалық өзгерістерге бағыт-бағдар беретін Жолдау көңілімізге сенім ұялатты.
Қойбағар АЯҚБАЕВ,
Арал ауданының құрметті азаматы,
Жақсықылыш кенті

Фото: egemen.kz
12 қыркүйек 2023 ж. 393 0