Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласына – үлкен қолдау

Білім саласына – үлкен қолдау

1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің екі палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы жылға арналған басым мақсаттарын айқындап берді.
Осы Жолдауда Мемлекет басшысы жүз мыңнан астам жаңа IT-мамандарын даярлауды тапсырып, оқытушыларды даярлау үшін мемлекеттік бюджеттен 1,2 трлн теңге бөлінетінін айтты. Бұл білім саласының дамуына зор үлес қосып, оқытушыларға үлкен қолдау болары анық. Сонымен бірге Президент биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мектеп салуды алдағы міндет етіп қойды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Орта білім беру жүйесіндегі түйткілді мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қазіргі уақытта тапшылық 225 мың орынды құрайды. Бұл мәселеге қатысты шаруаны бүгіннен бастап қолға алмасақ, онда 2025 жылға қарай мектептегі орын тапшылығы бір миллионға жетуі мүмкін. Бұған дейін 2025 жылдың соңына дейін ел бойынша 800 мектеп салуды тапсырсам, бүгін ол көрсеткішті 1 мыңға жеткізу міндетін қоямын»,– деді.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы педагогтердің біліктілік курстарын өз қаражаты есебінен өтуіне жол бермеу керектігіне айрықша тоқталды. «Білім беру жүйесіне ынталы және білікті педагогтер қажет. Мұғалімдерді қайтадан оқытуды 5 жылда емес, 3 жылда бір рет өткізу талап етіледі деп ойлаймын. Өйткені, олар жаңа білімді тасымалдаушы, нағыз ағартушы болуы тиіс. Бұған қоса, педагогтердің курстарды өз қаражаты есебінен өтуіне жол бермеу қажет», – деді ол.
         Ауданымызда да білім саласында айтарлықтай жаңалықтар болып жатыр. Ел көкейіндегі мәселелер оң шешімін табуда. Мәселен, көптің көкейіндегі Сексеуіл кентіндегі темір жолдың арғы бетінде тұратын оқушылардың бергі беттегі мектепке қатынап оқуы қиын болып, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған болатын. Аталған мәселе шешімін тауып, Президент Қ.Ж.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен биылғы жаңа оқу жылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осыдан-ақ мемлекет тарапынан шалғайдағы халықтың сапалы білім алып, ұлт дамуына үлес қосуына жағдай жасалғанын аңғаруға болады. Президенттің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы Жолдауда айтқан барлық бастамалары мен тапсырмалары көңілімізге қонды. Соның ішінде білім саласына қатысты маңызды мәселелердің қамтылуы мұғалімдер қауымын қуантады әрі сенім ұялатады.

Светлана МАХСҰТҚЫЗЫ,
№283 орта мектептің мұғалімі
02 қыркүйек 2021 ж. 845 0