Тарихтың тереңінен тамыр тартқан тағылым
Бүгін №14 мектеп-лицейінде даңқты батырдың 315 жылдығына орай «Тарихтан тағылым: Сартай батыр – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.Тарихи басқосуға тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Зиябек Ермаханұлы Қабылдинов, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің басшысы, «Бұланты шайқасы 1727» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Медеу Қайрақтыұлы Бейсенов, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызы Жанназарова қатысты. Сондай-ақ жиынға ауданның тарихшы ұстаздары, Сартай батырдың ұрпағы Күшікбай Тобажанов пен мектеп оқушылары жиналды.
Кездесу барысында Сартай батырдың өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі мен қазақ тарихындағы орны кеңінен тарқатылды. Тарихшы ғалымдар батырдың ғұмырына қатысты құнды деректерді ортаға салып, өткен дәуірдің тағылымын бүгінгі ұрпақпен бөлісті. Өткенге үңіліп, тарихи тұлғаның өнегесін тану арқылы оқушылар туған жердің тарихына тереңірек бойлап, ата-баба аманатының мәнін ұғынуға мүмкіндік алды.
Тарихты тану – өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Ол – елдік сананы қалыптастырып, ұлттың рухани тамырын тереңнен сезіну. Сартай батыр секілді тарихи тұлғалардың ерлік жолын ұлықтау жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет дарытып, туған жерге деген құрметін арттыра түседі.
"Толқын" ақпарат











