Бұлантыдағы «Мың бала» рухы – ұрпаққа өнеге
Қазақ тарихының қатпарлы беттерінде елдік пен ерліктің, азаттық пен ар-намыстың өшпес ізін қалдырған оқиғалар аз емес. Солардың ішінде жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ұлт-азаттық күрес – халқымыздың тағдырын таразыға салған, елдіктің еңсесін сынға түсірген қасіретті де қаһармандық кезең. Сол бір алмағайып заманда атамекенін жаудан қорғап, келер ұрпақтың азаттығы үшін атқа қонған батыр бабаларымыздың ерлігі бүгінгі күнге дейін ұлт жадында жаңғырып келеді. Олардың қатарында қайсарлығымен танылған Сартай батыр Байжанұлының орны айрықша.
Ел басына күн туған шақта Сартай батырдың жас та болса жалынды жүректі бозбалаларды бір тудың астына топтастырып, «Мың бала» атты жасақ құруы – тарихымыздағы отаншылдықтың жарқын үлгілерінің бірі. Жастық жігерін ел тағдырымен ұштастырған өрендер туған жердің тұтастығы мен халықтың еркіндігі жолында жан аямай шайқасты. Олар үшін Отанды қорғау – даңқ іздеу емес, бабалар аманатына адалдық таныту, ұрпақтың болашағына жол ашу еді.
Сол бір ерлік дәстүрі ғасырлар көшінде көмескі тартпай, қайта уақыт өткен сайын терең мағынаға ие бола түсуде. Өйткені елдің тәуелсіздігі жолында төгілген қан мен қиылған ғұмырдың өтеуі – тарихи жадты сақтау, бабалар рухына тағзым ету және олардың өнегесін кейінгі буынның бойына сіңіру.
Әңгімемізді Бұлантыдан бастасақ. Ұлытау өңіріндегі Бұланты өзені бойы – қазақ халқының азаттық жолындағы күресін еске салатын тарихи мекендердің бірі. Бұл жердің әрбір қырқасы мен жотасы ел басына күн туған кезеңдердегі қайсарлық пен қайтпас рухтың үніндей сезіледі. Ұрпақ санасында елдік күрестің символына айналған Бұланты шайқасы – бірлік пен ынтымақтың, ортақ мақсат жолында күш біріктірудің тарихи маңызын айқындайтын оқиға.
Бабалар рухын ұлықтау, тарихи жадымызды жаңғырту және ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған ерлердің есімдерін келер ұрпаққа аманаттау мақсатында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1448 қаулысы негізге алынып, «Бұланты тарихи-мемориалдық» кешені бой көтерді.
Бұланты өзенінің бойындағы Үйтас жотасына орналасқан кешен – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір. Биіктігі жеті метрлік стела алыстан көз тартып, тарихи мекеннің айбынын асқақтатады. Ол – ел үшін еңіреген ерлердің ерлігін еске салатын, азаттықтың қадірін ұғындыратын тағылымды белгі.
Кешен аумағында Әбілқайыр хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ел тағдырын шешкен тарихи тұлғалардан бастап, Бүкірек, Сартай, Жылқайдар, Жылқаман және өзге де батырлардың есімдері жазылған белгітастар орнатылған. Жалпы саны 130 батырдың есімі қашалған бұл белгілер – ұлт тарихының тасқа басылған шежіресі. Әрбір есімнің артында ел үшін атқарылған қызмет, туған жерге деген сүйіспеншілік, ұрпаққа қалдырылған аманат жатыр.
Жыл сайын еліміздің әр өңірінен келген ұрпақтары осы қасиетті мекенге бас иіп, бабалар рухына тағзым етеді. Құран бағыштап, құдайы ас беріп, өткенге құрмет көрсетеді. Мұндай тағылымды дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып қана қоймай, тарих алдындағы жауапкершілікті де терең сезіндіреді.
Осындай құрметке лайық, әсіресе жастар үшін ерлігі үлгіге айналар батырлардың көш басында Сартай бабамыз бар. Сартай батыр бастаған «Мың бала» жасағының тарихы – жас мөлшері мен жауынгерлік жігердің арасындағы өлшемнің жасқа емес, жүректегі намысқа байланысты екенін танытатын өнеге. Жас сарбаздардың ел қорғау жолындағы табандылығы бүгінгі жастар үшін де маңызын жойған жоқ.
Қазіргі ұрпаққа бабаларымыздың ерлігін таныту – өткенді мадақтаумен ғана шектелмейді. Бұл – тәуелсіздіктің қандай күреспен келгенін түсіндіру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу. Тарихын таныған жас ұрпақ елінің қадірін біледі, өткенінен тағылым алып, болашағына сеніммен қарайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз ұлан ғасыр жерімізді жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Расында да аңызға айналған жеңістеріміз адамдардың рухын оятады», – деген сөзі де тарихи жеңістердің ұлт рухын көтерудегі маңызын айқындайды.
Ендеше, бабалар ерлігін ұлықтау – бір күндік шараның аясында қалатын міндет емес, елдік сананы қалыптастыратын үздіксіз жұмыс. Тарихи оқиғаларды терең зерттеп, батырлар өмірін зерделеп, олардың ерлік жолын жас ұрпаққа жеткізу – ұлт болашағына қызмет етудің бір көрінісі.
Арал өңірі де ел қорғаған батырлар мен елдік үшін күрескен ерлердің өнегесін ұлықтауға айрықша мән береді. Алдағы уақытта аудан көлемінде ұлт батыры Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына арналған тәрбиелік-танымдық, тарихи-мәдени шаралардың өткізілуі – соның айқын көрінісі. Мұндай бастамалар батырдың өмір жолын кеңінен танытуға, тарихи сананы жаңғыртуға және жас буынның бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға жол ашады.
Осы орайда Ұлытау өңіріндегі «Бұланты-1727» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Медеу Бейсенов Арал жұртшылығына ізгі тілегін білдіріп, Сартай батырдың 315 жылдығына арналған шаралардың табысты өтуіне ниеттестік танытады. Сонымен бірге ол 2027 жылы Ұлытау жерінде Бұланты шайқасының 300 жылдығына орай өткізілетін тарихи-танымдық шараларға қатысуға шақырып, елдік рухты асқақтататын игі бастамаға ортақ болуға үн қосады.
Бұл үндеу – бір өңірдің екінші өңірге жолдаған шақыруы ғана емес. Бұл – тарихы ортақ, тағдыры бір қазақ жұртын бабалар рухы төңірегінде біріктіруге бағытталған ізгі ниет. Арал мен Ұлытауды жалғаған рухани сабақтастықтың түп-тамыры да осында жатыр. Бірі – Сыр бойындағы елдік дәстүрдің алтын бесігі болса, екіншісі – ұлт тарихының талай шешуші кезеңіне куә болған қасиетті мекен. Екеуін жалғайтын ортақ арқау – туған жерге адалдық пен азаттықты ардақтау.
Бұлантыдағы «Мың бала» рухы – уақытпен бірге алыстамайтын, керісінше, ұрпақ санасында жаңғыра беретін ұлы өнеге. Сартай батыр бастаған жас сарбаздардың ерлігі елдік мұраттың жасқа қарамайтынын, Отанға деген сүйіспеншіліктің жүректен басталатынын дәлелдейді.
Бүгінгі міндет – сол ерлікті ұмытпай, тарихтың тағылымын келешекке жеткізу. Бабалар аманатына адалдық танытып, ел бірлігін бекемдеу, тәуелсіздіктің тұғырын нығайту. Өйткені батырдың есімі ұлықталған жерде ұлттық рух асқақтайды, ал тарихын ардақтаған елдің болашағы баянды болады.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
Өлкетанушы









