Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орал асқан ашамай

Орал асқан ашамай

Кеңес заманында қазақ халқына, оның тарихына, өткеніне орасан зор қастандық жасалғандығы бүгінгі күні жасырын емес. Талай тарихи тұлғалардың, ғасырлар бойы ел ауызында айтылып келген батырлардың ерлігін жоққа шығарып, тіпті халық санасынан жойып жіберуге әрекет жасады. Сондай батырлардың бірі – Сартай Байжанұлы.
Сартай батыр туралы әр алуан пікірлер айтылып жүрді. Кейбір тарихшы ғалымдар Сартайды аңыздан құралған батыр десе, кейбірі оның шығу тегі мен жасаған ерлігін албан руынан шыққан Ханкелдіұлы Райымбек батырға әкеліп тіреді. «Ал шындығында Сартай кім?» деген сауалға бүгінгі күні халық анық көз жеткізді. Сартай батыр туралы алғашқы жазба дерек көздеріне Нұрмағанбет Қосжановтың «Мың бала» дастанын жатқызамыз. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстарындағы қаһармандық ерлігі жан жақты сипатталады. Саяси қудалауға түсіп, «халық жауы» деп айыпталған Нұрмағанбек Қосжанұлы ату жазасына кесіліп кеткеннен кейін 70 жыл бойы айтылмай келген дерек жарыққа шықты. Сартай Байжанұлы расында Арал өңірінен шыққан. Ол 15 жасында өзі қатарлас 1000 баладан қол жинап, Әбілқайыр әскерімен бірігіп, Бұланты бойындағы шешуші ұрыста ерекше көзге түскені бізге мәлім болды.
Бұл жайлы бірнеше рет басылым бетінде мақала жариялап, жақында ғана Сартай батырдың ерлігіне арналған ерекше үлкен шараның аталып өткені жайлы да ақпарат берілді. Ал бүгінгі айтпағымыз сол Сартай батырдың алғаш атқа қонғандағы ашамайы қалайша Ақжайық бойына, Орал қаласына аттанып кеткені жайлы болмақ.
Бұл жайында БҚО тарихи-өлкентану музейінің жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Ажар Берікқалиева былай дейді.
– 2000-2003 жылдары БҚО әкімі болып еңбек еткен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ағамыз айтқандай Сартай батырдың ертоқымының да  БҚО тарихи-өлкетану музейіне келіп-түсуінің өзі бір тарих. 1985 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласынан Татарстанның республикалық музейінің директоры Люция Валиева сол кездегі БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Сара Есқайырқызына телефон шалып,  1987 жылы Ғ.Тоқайдың туғанына 100 жыл толуына орай оның жеке музейін ашуға шешім қабылдағанын айтады. Бұған дейінде  Қазан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Рафик Нафиговпен Ғабдолла Тоқайға байланысты тығыз байланыста болатынбыз. Олар Қазанда оқыған, революцияға дейінгі қазақтардың құжаттарын, суреттерін мұрағаттан тауып беретін. Біз Ғабдолла Тоқайға байланысты деректерді (Оралдағы кезеңінен) біз көмектесетінбіз. Тоқайдың Қазан қаласына барғаннан кейінгі шығармашылық тарихынан олар көмектесетін-ді дейді өз сөзінде Сара апамыз. Ата-анасынан ерте айырылған Ғабдолла Тоқай – жасында апа-жездесін сағалап Оралға келген, Оралда 12 жыл тұрған. Ақын, азамат, қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына қазақ қоғамы, қазақы ортаның ықпалы мықты болғанын татар халқының озық ойлы ұлдары, зиялылары о бастан-ақ мойындағанын. Қазан қаласындағы Тоқайға арналатын жаңа музейде сол кездегі қазақи қоғамдық ортаны, саяси-әлеуметтік жағдайды, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетуге айрықша көңіл бөліп, киіз үй құрып қоюды жоспарлаған болып шықты. Соған байланыс Сара Есқайыр қызынан барлық жабдығымен қазақтың сайлы киіз үйін тауып беруін сұраған. Ресейге ерте қосылған завод-фабриканың мүлкіне ерте көшкен Орал жерінен оны табу мүмкін болмаған. Қалайда түбіміз бір туысқан түркі ағайындар ұлтымызды ұлықтайын деп жатқанда көмектесуіміз керек деп ұйғарады. Сол кездерде яғни 1985 жылдың қыс айларында Қызылорда облысынан Оралдың пединститутында сырттай оқитын студенттер облыстық музейге неше түрлі қолдан тоқылған керемет алашалар әкеліп сатады. "Неде болса Аралқұм станциясынан киіз үйді табуға болар" деп Қазанмен хабарласып, музейдің ғылыми қызметкері Ғұсман Қабибуллинді шақыртып еңбек демалысына шығып, жұмыстан босап, екеуі Қызылорда облысы Аралқұм станциясына аттанады.
Арал қаласының ары жағында орналасқан шағын станциядатұратын  Сол кездегі мектеп директоры Матығұл Құлназаровтың үйіне тоқтайды. Сапарлары жол қиындықтарына қарамайсәтті болады. Киіз үйді түгел жабдығымен тапқан Ғұсман да риза. Зергерлік бұйымдарға қарық болған мен де риза. Ең бастысы сол үйден Сырым батырдың оң қолы болған Сартай батырдың ұрпағы Мәтіғұлдың үйінен Сартай батырдың ер-тоқымын тапқан, оны сатуға көндірген өзіміздің қуанышымызда шек жоқ. Егер Оралдың музей қызметкерлері бірге бармағанда Сартай батырдың ер-тоқымы Қазан қаласынан бір шығатыны кәміл еді дейді Сара апамыз.
Сырым бабамыз 1742 жылы туған, Сартай батыр оның замандасы, ер-тоқым олардан 15-20 жыл кіші болғанның өзінде ер-тоқымға 260-270 жылдай уақыт өткен екен. Сартай бабамыздан жеткен тәбәрік ер-тоқымның ғұмыры қазақпен бірге жасай берері анық.Сырым мен Сартай бабаларымыздың рухы  қолдасын баршаңызды, – дейді.
Міне, бүгінгі тәуелсіздігімізді, азаттықтың ақ таңын ғасырлар бұрын аңсап, сол жолда ерлік жасаған жанның тарих бетіндегі таңбасы жойылмаса, ұлт үшін соның өзі үлкен бақыт, жетістік. Бабалар рухы разы болса, еңселі еліміздің іргетасы да мызғымайтыны анық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
"Толқын" газеті №96, 5 желтоқсан, 2023 жыл
20 қазан 2026 ж. 82 0