Бабаларға тағзым – ұрпаққа тағылым
Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ жетті. Әрине, тақымы ерден кетпеген, тоқымы терден кеппеген қазақтың ұрпағымыз. Найзаның ұшымен, білектің күшімен аманат жеріміз бен тіліміздің сақталуына сүбелі үлес қосқан батыр бабаларымыз аз емес. Барлығына бас иіп, тағзым ете отырып, тақырыпқа мұрындық Сартай батыр атамызға тоқталғым келеді.
Жақайым Асан баласы Асанның кіші әйелінен тарайтын Шатырқұл Қоскұлақ болса, кезінде Бұқара билеушісі атанған Қосқұлақ ата баласы, Байжан бидің үлкен ұлы Сартай атамыз дүниеге шамамен 1711 жылы келіп, жүз жастан ары өмір сүрген. Жерленген жері – Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 75 шақырымда орналасқан Лақалы елді мекені жанындағы көне қорым. Көнекөз ақсақалдар мен Атымтай қожа шырақшының айтуынша, бұл үш жүзге пір болған Мүсірәлі сұпы Әзиз баласы Қосым қожа атамыздың қорымы. Оның жанынан жаңа айтқан Сартай батыр мен атақты Жалаңтөс Баһадүр ата немересі Дәулет бақсы мәңгілік орын алған. Бізге жеткен ауызша мағлұматтар бойынша Қосым қожа кіші жүздің пірі болған және Сартай батыр Дәулет бақсы аталарымызбен үзеңгілес, замандас болған. Осыны ескере отырып, 2017 жылы зиярат етушілерге жағдай жасау мақсатында Байжан би ата ұрпақтары тілеухана салып, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Сартай атамыздың жанына мың бала ертіп, Бұланты шайқасындағы ерлігі тарихта Нұрмағамбет Қосжанұлының дастанымен бекітіледі. Бұланты шайқасы «17-27» қоғамдық бірлестігі бастамасымен келісіле отырып, 2020 жылы Сартай атаның Шалқасқа атының тұяғының ізі қалған Бұланты жеріне ескерткіш тас қашалып қойылды. Дәл осындай белгі Бүкірек, Жылқаман, Жылқайдар батырлар ұрпағы да қойдырған. Сөзіміз тұшымды, дәлелді болуы үшін осы жылдың қыркүйек айының 18-19 күндері Бұланты жеріне Байжан би ұрпағы он адам болып барып қайттық. Ол жер аталған шайқасқа қатысқан батырларға алып ескерткіштер орналасқан, аспан асты мұражайға айналған. Барған делегацияны Байқоңыр ауылының әкімі Шәріп Бекетов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқар Нұржанов, Жезқазған қаласы Сәтбаев музейінің директоры Кенжал Балкенов, Бұланты шайқасы «17-27» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалмұханбет Тұрсынов, "Бұланты" қоғамдық бірлестігінің мүшелері Абдиқан Стамқұлов, Мұхаш Стамқұлов деген азаматтар қазақы жырмен шашу шашып, шапан жауып қарсы алды. Делегациямыздың басшысы Байжан би ұрпағы Шаршау Ақжанұлы ағамыз, Сартай атаға қатысты деректер көзін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыстап, елдің егемендігі үшін күрескен, ерлер сапындағы атамыздың ерлігін елегендері үшін ризашылығын білдірді және алдағы кезде болатын ескерткіштердің ресми ашылуына келетіндерін атап өтті. Осындай батыр бабаларымызды дәріптеп жатқан Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданы әкімшілігіне риясыз ықыласымызды білдіреміз. Сартай батыр мен Мың балаға деген құрмет шектелмек емес. Қазір Ақтөбе қаласына орналасатын Сартай батыр бастаған «Мың балаға» арналған алып ескерткіштің жері мен шығындары есептеліп, құрылысы келесі жылы көктемде басталмақ.
Міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 10 жылдығы тұсында бабаларға жасалған тағзым кейінгі ұрпаққа тағылым болмақшы. Ұрпағымен мың жасаған халық өткен күннің оңай болмағанын ұмытпайды, бабалар арманын қастерлейді, Мәңгілік ел ұстанымын айшықтайды деп санаймыз. Ұлытау жеріне барған Байжан би ұрпағын, яғни бізді күтіп алу барысында бауырымыз Мұқаш Сартай батыр «Мың бала» туралы арнау өлең оқыды.
Аманбысыз, Алшын елі Жақайым,
Көргеніме масаттанып, марқайдым.
Көшті бастап Бұлантының бойына,
Жеткен екен ұрпақтары Сартайдың.
Кеше ғана аңыз еді жыр ғана,
Ерліктері жетіп еді Қырға да,
Сырда туып, Сарыарқаға ту тіккен,
Атағыңнан айналайын «Мың бала».
Қалайша мен бұл тарихтан шет қалам,
Кезі келсе орнымен мақтанам.
Ұрпағы бар, бұлтартпайтын дерек бар,
Нұрмағанбет Қосжанұлы сақтаған.
Сол бір зұлмат қиын-қыстау кезде де,
Қанша қырып, заманақыр етсе де,
Дастан жазған батыр баба қорықпай.
Ұрпақ үшін өзі атылып кетсе де,
«Мың балаға» келтірілді мың күдік.
Бәзбіреулер дегені бар өтірік,
Сартай батыр болмаған деп өмірде,
Жұртты ұйытып, ел алдында көпіріп.
Соған дәлел келді, міне, ұрпағы,
Сәлемін ап қалың елдің Сырдағы.
Әр жыл сайын қауышып-ақ жатырмыз,
Ұрпағымен «Мың баланың» жырдағы.
Ұмытылмайды Бұлантының шайқасы,
Қазақ –Ойрат алыптардың айқасы.
Өз түбіне өзі жетті жау қалмақ,
Мұнан да бір тәлім алып байқашы.
Көшекбай Құлекеұлы Тобажанов,
Байжан би ұрпағы