Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабаға тағзым, ұрпаққа парыз

Бабаға тағзым, ұрпаққа парыз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтармен алыс-жақын шетелдер тарапынан қызу қолдау тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талайдың санасын сілкінткені рас. Онда өткенді таразылап, бүгінгі күнге байыппен күз жүгірту жайы кеңінен баяндалған. Әсіресе, Елбасының:         –Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани-тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарыстыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы, – деген сөзі көптің көкейін дөп басты.
         Расымен де төл тарихымыздан бастау алатын ата-бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп, қайсар болмысын зерделесек, көп жайтқа қанығамыз. Біздің тақырыпқа арқау еткен бабаларының рухына тағзым жасау шарасы – соның бір айқын көрінісі.
Нақтырақ тоқталсақ, Сартай Байжанұлы туралы білмейтін жан кемде кем. Осынау бабаның жүріп өткен жолын ұрпағы дәріптеп жатса, қалай қуанбасқа. Қазалы ауданы, Лақалы ауылының жанында жерленген Сартай Байжанұлының ел бірлігін сақтаудағы төрелігінен бөлек, қолбастаған батырлығы да тарихтан белгілі. Арал мен Қазалыдан жиналған жамағат танымал тұлғаның сүйегі жатқан қасиетті жерде Қосымқожа және Дәулет бақсы  жерленгенін де естен шығармады. Тірлігінде елді аузына қаратқан жандардың рухына Құран оқыды. Сосын Байжан бабадан тараған ұрпақтары жұмылып, тілеухана ашты.
Кейінгі буынға үлгі боларлық шара барысында көнекөз қария Баймырза Жұбаниязов, Дайрабай Үркімбаев сөз алып, 1727 жылдары Ұлытауды жоңғарлардан босатудағы негізгі шайқаста кіші жүз сардарларының басын қосып, жаудың бетін қайтаруға айрықша үлес қосқанын  зор мақтанышпен ортаға салды. Мұнан соң, баба шырақшысы Атымтай қожа сауапты істің басы-қасында жүрген тілеулес ағайынға ризашылығын білдіріп, Байжан би ізіне ерген қарасы Сартайды үнемі ел мүддесін шешетін жиындарға апарып, ой-танымын кеңейтіп отырғанын, соның нәтижесінде батыр қаршадайынан сөзге шешен, елжанды болып өскенін ауызекі деректермен сүйене атап өтті. Бұдан бөлек, Сартай бабаның ұрпағы Шарихан Демесінов ақсақал сөз алып:
–Сартай атамыздың бейітінің жанынан намазхана салу ұрпақтарының парызы болатын. Оған Байжан бабадан тараған үлкен-кіші атсалысты. Мен ол кісілердің барлығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Баба әруағы сендерді желеп жүрсін-деп ақ батасын берді.
Хош, сөз басында туған жерді дәріптеудің, ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың  құндылығын сезінудің маңыздылығын Президент мақаласымен байланыстыра тілге тиек еттік. Уақыт алға жылжыған сайын құндылығы арта түскен сол мақаланың заңды жалғасындай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Бұл тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады» – деген болатын. Расында да солай. Ұшқан құстың қанаты, жүйіткіген тұлпардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр даланы қызғыштай қорғаған бабаларымызды ұлықтау– ұрпаққа парыз. Міне, Сартай бабаның ерлігін естен шығармай, санада жаңғыртқан қауымның ісіне көпшіліктің айтар алғысы шексіз.
А. Қарымсақ.
Суретте: Сартай Байжанұлына тұрғызылған тілеухана.
05 ақпан 2019 ж. 1 188 0