Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылымға 100 жыл: Egemen Qazaqstan жүз көшет отырғызды

Басылымға 100 жыл: Egemen Qazaqstan жүз көшет отырғызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Egemen Qazaqstan газетінің редакциясы, ардагер журналистер, БАҚ басшылары басылымның 100 жылдығына орай елордада жүз көшет отырғызды.

Сенбілікке ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та қатысып, көшет отырғызды.
«Egemen Qazaqstan газетінің мерейтойы аясында өтіп жатқан әр іс-шара өте маңызды. Бүгін міне Нұр-Сұлтан қаласының төрінде біз 100 көшет отырғызып жатырмыз. Құтты болсын. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» дейді ғой. Сондықтан да осы егіп жатқан ағаштарымыз саябаққа айналсын. Біз еккеннен кейін өсіп келе жатқан ұрпақ бақты көріп, Egemen Qazaqstan газетінің құрметіне егілді деп білсін. Еліміз, Нұр-Сұлтан қаласы, Egemen Qazaqstan газетіміз өркендеп, гүлдей берсін», - деді Дәурен Абаев.
Ал «Egemen Qazaqstan республикалық газеті» АҚ төрағасы Дархан Қыдырәлі сенбілікке жиналғандарға алғысын білдірді.
«Биыл ел газеті, 100 жылдық жылнамамыз - Egemen Qazaqstan басылымының ғасырлық тойы. Бұл қазақ, Қазақстан баспасөзі үшін де мерейлі белес. Сондықтан біз осы атаулы мерейтойды жыл бойы атап өтуді жоспарлаған болатынбыз. Жыл аясында көптеген игі іс-шара өткізуді жоспарладық. Соның біріне жиналып отырмыз. Қазақ «атадан мал қалғаша, тал қалсын» деп айтады ғой. Бүгін біз осында кішігірім аллея, ағаш отырғызуды көздедік. Бұл біздің қазақ баспасөзінің достық аллеясы сияқты қалады деп те үміттенемін», - деді Дархан Қыдырәлі.
Шараға Egemen Qazaqstan газеті редакциясының қызметкерлері, ардагер журналистер, БАҚ басшылары, Мәжіліс депутаттары қатысты. Көшеттер Сығанақ даңғылының бойында, Тұран даңғылынан Жағалау шағын ауданына шығатын асфальт жолдың оң жағында отырғызылды.
Атап өтсек, биыл еліміздің бас басылымы - Egemen Qazaqstan газетінің шыға бастағанына бір ғасыр толып отыр. 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында «Ұшқын» деген атпен алғаш рет жарық көрген басылым жүз жылдың ішінде бірнеше мәрте атын өзгерткен. Газет 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», 1922 жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан», 1937 жылы «Социалистік Қазақстан», 1991 жылы «Егеменді Қазақстан» деген атаулармен жарық көрді. 1993 жылдан бастап басылым Егемен Қазақстан атауына ие болды. 
Басылымда өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуақасов тәрізді ұлт қайраткерлері басшылық қызмет атқарды. Кейін КСРО ыдырайтын тұста және Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң басылымды Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Әбдрахманов тәрізді қайраткер азаматтар басқарды.
Газетте Міржақып Дулатов, Қаныш Сәтбаев, Ақселеу Сейдімбек сынды ұлт қайраткерлерінің мақалалары жарияланып тұрды.
Басылымның мерейтойына арналған кешенді шаралар жыл аяғына дейін жалғасады. Олар еліміздің түрлі аймағында биыл қаңтар айынан басталған. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында газеттің 100 жылдығына арналған салтанатты шаралар мен кездесулер ұйымдастырылған. 
https://baq.kz/
18 мамыр 2019 ж. 1 087 0