Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық шәкірт республикалық олимпиадада жүлдегер атанды

Аралдық шәкірт республикалық олимпиадада жүлдегер атанды

Ауыл мектебінде білім алып, республикалық деңгейде топ жару – талап пен табандылықтың, ұстаз еңбегі мен шәкірт ізденісінің жемісі. Осындай жетістікке Арал ауданының Аманөткел ауылындағы №73 орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрбек Қуанышов қол жеткізді.
2026 жылғы 16–20 қараша күндері Астана қаласында ауыл мектептерінің 9–11(12)-сынып оқушылары арасында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Еліміздің барлық өңірінен жиналған 433 оқушы қатысқан білім бәсекесінде жас талапкерлер бірнеше пән бойынша білімдерін сарапқа салды.
Олимпиада қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы және құқық негіздері сынды пәндер бойынша екі турда ұйымдастырылды. Аталған білім додасында Қызылорда облысының намысын 29 оқушы қорғады. Нәтижесінде өңір оқушыларының 15-і жүлделі орындарға ие болып, 5 оқушы Алғыс хатпен марапатталды.

Жүлдегерлер қатарынан көрінген Нұрбек Қуанышов құқық негіздері пәні бойынша бақ сынап, ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді. Сонымен қатар 50 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйақымен марапатталды. Жас дарынды олимпиадаға дайындаған – құқық пәнінің мұғалімі Гүлмира Тоғаева.
Бұл – ауыл мектебінде де сапалы білім алып, үлкен белестерді бағындыруға болатынын көрсеткен жарқын жетістік. Нұрбектің республикалық додадағы нәтижесі туған мектебінің мерейін үстем етіп, ұстаздары мен ауылдастарының қуанышына айналды.
Айта кетейік, командалық есепте де Қызылорда облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ өңір командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2026» атағына ие болды.
Аралдық шәкірт Нұрбек Қуанышовты жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да білім биігінен көрінуіне тілектестік білдіреміз! Шәкіртінің жетістігіне үлес қосқан ұстазы Гүлмира Тоғаеваға, мектеп ұжымына және қолдау білдірген ата-анасына алғыс айтамыз.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
23 қараша 2026 ж. 28 0