Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі беріледі

Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі беріледі

Нұр-Сұлтан, BАQ.KZ. Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Парламент Сенаты Бюросының отырысында «Құрметті Сенатор туралы» ережеге қатысты мәселе қаралды, деп хабарлады Жоғарғы палатаның баспасөз қызметі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы ретінде, Конституцияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, қоғамды топтастыруды қамтамасыз етудегі, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаған тарихи еңбегінің мойындалуының көрінісі «Құрметті Сенатор» мәртебесінің берілуі болып саналады.
Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқаны үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына «Құрметті Сенатор» мәртебесі беріледі.
Бюро мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасына бірауыздан қолдау білдірді.
«Елбасының басқаруымен тәуелсіздік кезіндегі Қазақстанның жеткен жетістіктері Елбасының осы бастаған жолының да, бағытының да дұрыстығын көрсетеді. Елбасы Сенат жұмысына әр уақытта терең мән берді, Сенат жұмысының ыңғайлы болуына барлық мүмкіндікті жасап отырды. Сенат өмірі Елбасының қойып отырған барлық мақсаттарымен тікелей тығыз байланысты болып келе жатыр», - деді төраға орынбасары Б.Бекназаров.
ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзінше, біздің қазіргі Конституциямыз да, сол Конституция бойынша жұмыс істеп жатқан қос Палатаның қызметі де Елбасының үлкен бастамасының, авторлығының арқасында жүзеге асты. 
«1995 жылғы Конституциямыз посткеңестік елдер ішінде бірінші рет қос Палаталы Парламент жасақтауға мүмкіндік берді. Соның негізінде Сенаттың алғашқы күнінен бүгінге дейінгі жұмысы Елбасының тікелей қамқорлығымен, басшылығымен жүзеге асып келе жатыр деп біз нық сеніммен айта аламыз. Елбасы мемлекет қалыптастырушы, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы тұлға ғана емес, қос Палаталы парламентаризмнің де негізін салған қайраткер. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысын біз қолдаймыз және әбден орынды деп есептейміз», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сенатор Бірғаным Әйтімова Елбасының Сенат отырыстарында сөз сөйлеп, кез-келген тақырыптар бойынша ұсыныстар айту, еліміздің барлық азаматтары мен мемлекеттік институттардың тыныс-тіршілігі туралы өз ойларын ортаға салу мүмкіндіктерінің маңызды екенін атап өтті.
«Мен бұл мәселені толық қолдаймын, өйткені ол Елбасының мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесінің мызғымастығы бекітілген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді», - деді сенатор Г. Ким.
«Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешім ҚР Парламенті Сенатының Палата отырысында қабылданады.
Бюрода 30 мамырда өтетін Палата отырысының күн тәртібі белгіленді. Сенаторлар халықаралық екі құжатты: Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді; Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шартты қарайтын болады.
Сенаторлар бюрода сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2019 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарады.

28 мамыр 2019 ж. 682 0