Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Ұлт порталы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Д.Назарбаеваның Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзін көпшілік назарына ұсынады.

Құрметті депутаттар! 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 9 сәуірде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына мен сенімдімін. Президент Жарлығы қоғамда туындап отырған көптеген сұрақтарға жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылық – бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық аса қажет. 
Міне, сондықтан Қазақстан қоғамы Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын заңды түрде қамтамасыз етілуін күтуде. 
Тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін бәрімізге толық дәлелдегені анық.
Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік.
Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президенттік сайлау ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін беретіні сөзсіз. 
Президент жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап, күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай, шұғыл шешуге мүмкіндік береді.
Құрметті әріптестер! 
Конституциялық заңға сәйкес сайлау екі ай мерзім ішінде өткізілуі тиіс. Сайлау науқанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу біздің абыройлы міндетіміз. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының орны ерекше. Сіздердің жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар. Халықтың мүддесін қорғайсыздар. Проблемаларын білесіздер. Сондықтан сайлау науқаны әрқайсымыз үшін аса жауапты жұмыстар кезеңі болып саналады.
Құрметті депутаттар! 
Азаматтардың өз еркін ашық білдіруі тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
ult.kz

11 сәуір 2019 ж. 1 153 0