Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртпен бірдей бол, тағы да қуғынға ұшыраймыз...

Жұртпен бірдей бол, тағы да қуғынға ұшыраймыз...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Анам «Жұртпен бірдей бол, тағы да қуғынға ұшыраймыз ба деп қорқам...» дейтін. Ол осы қорқынышпен өмір сүрді. Ол маған үйдің өртенуі, ақшаның ұрлануы мүмкін екенін, бірақ миымызда сақталған нәрсені ешкім алып қоя алмайтынын айтатын. Бұл «Депортациялар тариxынан. Қазақстан 1935-1945 жж» деректі жинағынан үзінді.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында «Депортациялар тариxынан. Қазақстан 1935-1945 жж» деректі жинағының тұсаукесері өтті.
«1939-1945 жылдары аралығында Қазақстан жеріне қоныс аударған халықтардың тағдырына байланысты кітап Президент архивінің, өңірлер мен облыстардағы архивтік құжаттары негізінде дайындалған. Осы құжатты жинақтау барысында Президент архивінің қызметкерлері Қазақстанның өңірлік архивтерінде құжаттарды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, бұл жинақтың ерекшелігі – Қазақстанға күштеп қоныс аударған халық өкілдерінің естеліктері жазылған. Яғни, Қазақстанға көшіп келіп, кейін өз елдеріне қайтқан 18 адамның естелігі», - дейді кітапты құрастырушылардың бірі, ҚР Президент мұрағатының құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы Мұхаммед Жылгелдинов.
Бұл – деректі жинақтың үшінші томы. 2012 жылы Талдықорған қаласында осы жинақтың бірінші томы жарық көрсе, екінші томы 2014 жылы шығып, 15 жылы Орал қаласында өткен форумда тұсауы кесілген.
«Жинақтың 1946-1956 жылдар аралығын қамтитын қорытынды томы 2021 жылы жарық көреді. Әзірге құжаттарды зерттеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Мұхаммед Жылгелдинов.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламентінің депутаттары, дипломатиялық уәкілдік пен мемлекеттік органдар өкілдері, ҚХА мен қоғамдық келісім мүшелері, шетелдік және отандық сарапшылар, ғылыми интеллигенция, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысуда.

30 мамыр 2019 ж. 1 179 0