Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шымкентте 1935 жылы салынған жатақхана өртенді: 86 адам үйсіз қалды

Шымкентте 1935 жылы салынған жатақхана өртенді: 86 адам үйсіз қалды

8-маусымда Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты Водопьянов көшесіндегі жатақханада өрт шыққан, - деп хабарлайды "Отырар".  Өртенген жатақхананың 86 тұрғыны уақытша оқу орнының жатаханасына жайғастырылды. Әзірге қанша уақыт олар мемлекеттің қамқорлығында болатыны белгісіз. Өрттен зардап шеккендердің арасында көп балалы аналар мен мүгедектер де бар "Мұның бәрі күйінгеннен шығады. Өліп кеткенімізде қайтер едік. Абырой болғанда балаларымыздың қасында болдық. Әйтпесе қырылып қалар едік. ХІХ ғасыр деп қалай айтамыз… Берілсін үй бәрімізге…", - дейді тұрғындардың бірі. "Осы жерде 6 бала-шағаммен тұрамын. Қыздарым 1 топ мүгедегі. Жағдайым жоқ. Өзімнің де денсаулығым жоқ. Үйден еш нәрсе қалмады, құжаттарымыздың бәрі жанып кетті, - дейді қала тұрғыны Алтынбек Асқаров. Баспанасыз қалған тұрғындар ертеңгі күндерін ойлап шырылдайды. Оқиға орнына Абай ауданының әкімі келіп, тұрғындардың уәжін өзі тыңдады. Әзірге тек уәдемен шектеліп отыр. Бүгінге тек ыстық ас пен уақытша жататын орын ұсынатындарын ашық айтты. "Қазір 45 пәтердің 86 тұрғыны бары анықталды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл кісілерді жайғастырып көмек береміз. Бұл жердегі тұрғындардың сұрап отырғаны баспана мәселесі. Енді тұрғын үй басқармасы бар, қала әкімінің орынбасарлары бар, арнайы орган қызметкерлері шақырылды. Ақылдасып, келешекте бұл кісілерге жауабын береміз. Бүгін тек 4 - колледждің жатақханасына жайғастарамыз. Қажетті киім - кешек тағы басқа заттармен көмек көрсетеміз", - дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармнов. 1935 жылдары соғылған бұрынғы қорғасын зауытының 45 пәтерлі жатақханасының шатыры жанғаны туралы хабарлама 8 маусымда таңғы уақытта тіркелген. Тілсіз жау шамамен 1 сағат 20 минутта толық сөндірілген. "Іздестіру, құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде екі адам құтқарылды. 103 қызметіне алғашқы көмек үшін тапсырылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Жалпы өрттің аумағы 240 шаршы метр болып есептелді", - дейді Шымкент қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Арсыланов. Жанып жатқан жатақханадан 35 адам эвакуацияланды. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 10 арнайы техникасы мен 55 адам өртті сөндіруге жұмылдырылған. Қазірге арнайы құрылған комиссия шығын көлемі мен бұл жатақхананың жарамдылығын анықтауға кіріскен.
https://kaz.tengrinews.kz
11 маусым 2019 ж. 700 0