Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бозымбаев министр болған бұрынғы орынбасарына сәттілік тіледі

Бозымбаев министр болған бұрынғы орынбасарына сәттілік тіледі

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Парламент Мәжілісінің жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен бұрынғы орынбасары Мағзұм Мырзағалиев туралы ойын айтты.

«Жаңадан министрлік құрылды. Мұны қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуде өте дұрыс қабылданған шешім деп санаймын. Қоршаған ортаны қорғау саласы жеке орган ретінде жаңа тыныс алады деп ойлаймын», - деді Бозымбаев.
Ол Энергетика министрлігі мен қоршаған ортаны қорғау саласын біріктіру тәжірибесі Скандинавия елдерінде, Германияда секілді дамыған елдердің бір бөлігінде барын, ал қалған бөлігі екі бөлек орган ретінде қарайтынын атап өттті. Дегенмен министр қоғам мен экономика дамуының әрбір кезеңінде өзінің мемлекеттік органдары болуы тиіс екенін жеткізді.
«Экология қоғам үшін өзекті мәселе. Қоршаған орта мәселесінде бірінші кезекте – ауа жағдайы. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Теміртау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар секілді ірі мегаполистерде қоршаған ортаға жоғары эмиссия болып отыр. Ол жерлерде өнеркәсіп дамыған, не автокөлік транспорты ағыны жоғары, не тұрмыстық жылумен қамтамасыз етіледі, газдандыру жоқ, содан қыста мәселе туындайды. Сол себепті біз экология ведомствосын құрдық. Жаңа экология кодексінің тұжырымдамасын әзірледік. Жеке ведомство болған әріптестерім осы жұмыстарды жалғастырады деп үміттенемін. Келер жылы ЭЫҚҰ стандарттарына негізделген жаңа экологиялық кодекс жұмыс істейді. Әлемдік стандарттар негізінде экологиялық реттеулер кезең-кезеңімен жүргізіледі. Үздік тәжірибелерді енгізуіміз керек», - деп айтты Энергетика министрі.
Бозымбаев бұрынғы орынбасары Мағзұм Мырзағалиев туралы пікірін айтты.  
«Мырзағалиев – тәжірибелі басшы. Энергетика вице-министрі қызметін алты жылдан астам уақыт атқарды. Үш министрмен, төрт-бес үкіметпен, тіпті менен де ұзақ жұмыс істеді. Әртүрлі салаға, соның ішінде жер қойнауын пайдалану саласына жетекшілік етті. Еліміздегі геологиялық проблемаларды жақсы біледі. Экология вице-министрінің орнын басып, экология министрі ретінде де жұмыс істеді деуге болады. Оны сауатты басшы деп білемін. Тәжірибесі мен білімі, осы жасындағы күш-қуаты оған артылған сенімімізді лайықты деңгейде ақтауға көмектеседі деп сенемін», - деп сөзін түйіндеді министр Мәжіліс кулуарында.
https://baq.kz
19 маусым 2019 ж. 939 0