Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Астана-Арқалық» пойызында дүниеге сәби келді

«Астана-Арқалық» пойызында дүниеге сәби келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Арқалық» бағытында қатынайтын № 603-604 пойызының жолсеріктері жүкті жолаушыны босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, вагон жолсеріктері Бақыт Қараманов пен Гүлдархан Шаханова пойыз бастығы Жандар Сиқымбаевпен бірге мұндай жағдайда қажетті барлық шараны қабылдаған. Олар жүкті келіншекпен көршілес жолаушыларды басқа купеге ауысуын өтінген және олар түсіністік танытқан. Осыдан кейін жолсеріктер таза төсек-жабындыларын, медициналық қобдиша және тазартылған дәке әкелген.
Пойыз машинисі арқылы жедел жәрдем көлігі шақырылғанымен олар жолдың жабық болуына байланысты жете алмаған. Ал Ирченко стансасының фелдьшері Мария Мокрицкая пойыз бастығының өтінішімен жүкті әйелмен Атбасар стансасына дейін бірге баруға келіскен. 7 наурыз күні түнгі сағат 00-5-те әйел салмағы 3 келі 200 грам, бойы 50 см дені сау баланы дүниеге әкелген. Қазіргі уақытта ана мен бала Атбасардың орталық перзентханасында жатыр. Олардың денсаулықтары қалыпты.
«Балаға Ернар деген есім бермекпіз. Пойыз бригадасының қызметкерлері мен жолаушыларға үшінші баламның жарық дүниеге келуіне көмектескені үшін ризашылығымды білдіремін», - дейді жас босанған ана Әселхан Аманбаева.  
07 наурыз 2018 ж. 2 093 0