Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Үш бірдей көлігімді кім қайтарады?": Мамин шағымданған арыстықтарға апта сайын келіп тұруға уәде етті

"Үш бірдей көлігімді кім қайтарады?": Мамин шағымданған арыстықтарға апта сайын келіп тұруға уәде етті

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласында жарылыс орын алғалы бері шаһарға екінші рет келіп, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Қаланы автобуспен аралап шыққан премьер-министр жарылыстан зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары бір айда толық бітетінін айтып, Арысқа апта сайын келіп, тексеріп тұратынын жеткізді,

Асқар Мамин алдымен әскери бөлімге жақын аумақтағы «Көктем» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Бұдан соң орталық аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы мен жеке тұрғын үй секторларының және тағы да өзге нысандардағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Халыққа қызмет көрсету орталығына қарама-қарсы орналасқан тұрғын үйге снаряд түсіп, үймен қоса оның жанындағы дүкен түгелімен өртеніп кеткен. Қазіргі таңда тұрғын үй толығымен сүріліп, жаңадан бой көтеруде. Оны Шығыс Қазақстан облысы жүргізуде. Үкімет басшысының құрылыс басына келетінін естіген үй иесі Лесхан Мыңбаев Асқар Маминнен көмек сұрауды жөн көріпті.
Тұрғын сүрілген үйдің орнына жаңадан баспана салынып жатқанын және оны жүргізіп жатқан құрылысшыларға алғысын айтып, үкімет басшысынан өртеніп кеткен үш автокөлігінің шығынын кім өтейтінін сұрады. Айтуынша, 2012, 2013, 2014 шығарылған көліктерінің барлық құжаты бар. Сақтандыру полисіндегілер көлік жол апатына түскенде ғана өтемақы өтелетінін айтқан екен.
«Бірақ сақтандыру полисіндегілер көлік жол апатына түссе ғана шығынды өтейміз деп «отказ» беріп жатыр. Енді білмеймін, қалай боларын. Соған көмегіңіз тисе деп едік», - деді ол.
Үкімет басшысы тұрғынның мәселесін қарастыруға уәде етті.
Айта кетейік, Жамбыл облысына берілген секторда халықпен кездескен Асқар Мамин қараша халыққа құрылыс жұмыстары бір айдың ішінде бітетінін айтты.
«Бір айдың ішінде бүкіл жұмыс бітеді. Енді келеміз, апта сайын келіп тұрамыз тексереміз», - деді үкімет басшысы.
Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев оқ-дәрі қоймасы көшіріліп, енді ешқашан мұндай жарылыс болмайтынын тұрғындарға уәде етті. Өз кезегінде қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қаланы тазарту жұмыстары әлі де жүріп жатқанын, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеті екенін алға тартты.
Естеріңізге сала кетсек, дүйсенбі, 24 маусым күні, Түркістан облысы, Арыс қаласында ірі жарылыс болды. Әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыстың себеп-салдары әзірге нақтыланбады. Министр бұл бойынша тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Кінәлілер анықталса, оларға берілетін жаза – өте қатаң болатынын айтты.
https://stan.kz
11 шілде 2019 ж. 927 0